Accessibility links

Алматыда бурят журналисін ұстап, бірнеше сағаттан кейін босатқан


Ресейлік журналист Евгения Балтатарова. Алматы, 3 қараша 2022 жыл.
Ресейлік журналист Евгения Балтатарова. Алматы, 3 қараша 2022 жыл.

2 қарашада Алматы әуежайында бурят журналисі Евгения Балтатарова ұсталды. Ол бірнеше сағаттан соң өзін босатқанын, бірақ ұсталғаны туралы хаттама алмағанын айтып, Қазақстан құқық қорғау органдарының "заңсыз әрекетіне" шағымданды. Қазақстан ресми орындары әзірге оқиғаға түсініктеме бермеді.

Ақпаратқа қарағанда, Балтатарованы сәрсенбі күні Алматы әуежайының құжат тексеру аймағында Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) қызметкерлері ұстаған. Журналист Бішкекке ұшпақшы болған.

"Мені Қазақстаннан шығармау жөнінде нұсқау бар екен. Қандай себеппен шектеу қойғаны түсініксіз. Мені уақытша ұстау изоляторына қамауға апара жатыр" деп жазды Балтатарова ұсталғаннан кейін.

Журналистің айтуынша, ҰҚК өкілдері оны Алматыдағы полиция бөлімшесіне тапсырған. Телефонын, жеке заттарын тартып алған. "Қолы кісендеулі күйі медициналық куәландыруға апарған". Кейін "кете бер" деп босатқан.

– Олардан мені ұстағаны туралы хаттама және медициналық куәландыру жайлы хаттама беріңіздер, заттарымды қайтарыңыздар дедім. "Ешқандай құжат бермейміз, заттарыңды алып, кете бер" деді. Маған сондай жағымсыз әсер етті. Маған құдды бір зат сияқты қарады. Бішкек рейсіне жібермей, алып қалды. Ары-бері барып қайтатын 300 доллардың қымбат билеттері күйіп кетті. Қонақ үй жалға алғам, ол ақша да босқа кетті. Кездесуге бара алмай қалдым. Барлық құқығымнан айырып, бірнеше сағат қала ішінде жүргізіп сандалтып қойды. Заттарымды тартып алды. Ақыр соңында ештеңе болмағандай кете бер дейді, – деді Евгения Балтатарова Азаттық тілшісіне.

Ол бірнеше рет талап етсе де, біраз құжатын қайтарып алғанын, бірақ өзін ұстағаны туралы хаттаманы билік орындары оған сол күйі бермегенін айтты.

3 қарашада Азаттық тілшісі Қазақстан ҰҚК баспасөз қызметінің өкілі Майгүл Айнабековаға Евгения Балтатарованың мәселесіне байланысты хабарласқан. Ол ішкі істер министрлігіне хабарлас деп кеңес берді. Ал ІІМ өкілі Олег Ивашенко бейсенбі күні таңертең Балтатарованың мәселесінен "хабарсыз" екенін айтты.

Евгения Балтатарова бұған дейін Ресейде оның үстінен "орыс армиясы туралы жалған ақпарат тарату" бабы бойынша екі қылмыстық іс қозғалғанын айтқан. Журналист өзіне Ресей тергеу комитеті бурят басқармасы іздеу жариялағаны жөнінде қаулының көшірмесі мен Улан-Удэ сотының оны сырттай қамау туралы шілде айындағы шешімін де жариялаған.

Құжатта Балтатарова ресейлік саясаткер Максим Кацтың орыс әскерінің украин қалаларын атқылауы жайлы твитін көшіріп жариялағаны жазылған.

"Не деген масқара. Мариуполь драма театрына әуеден бомба тастаған, ал ол жерді балалар паналап отырған. Қанша адамның қаза болғаны белгісіз, бірақ бомбалағанға дейін ол жақта қанша бала болғанын көріңіз" деп жазылған ол твитте.

  • Бұған дейін Евгения Балтатарова Ресей армиясы туралы "жалған ақпарат тарату" ісі бойынша жарияланған іздеу аясында 30 қыркүйекте Астанада ұсталған. Кейін оны жөніне қоя берген.
  • Ол биыл көктемдегі тінтуден соң Ресейден кетуді ұйғарған. Журналист Ресей құқық қорғау органдары "сыныққа сылтау іздеп", қылмыстық іс қозғауға түрткі болатын жайт табуға тырысқанын айтқан.
  • 7 қазанда Ресей әділет министрлігі Балтатарованы "шетел агенті" деп танып, жеке тұлғалар тізіміне енгізген.
  • Бұған дейін Қазақстан билігі Ресей билігіне қылмыстық істер бойынша халықаралық іздеу жарияланған азаматтарды ғана тапсыратынын мәлімдеген. Евгения Балтатарова Ресейге экстрадицияланған жағдайда "орыс армиясының беделіне нұқсан келтіру" ісі бойынша 15 жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айырылуы мүмкін.

(Жаңалықты әзірлеуге Әсемгүл Мұхитқызы да көмектесті).

XS
SM
MD
LG