Accessibility links

"Қаңтарда малшыны атымен қоса атты" деген күдіктінің басшылары "өздері де солай істерін" айтты


Әскери сотта жауап беріп тұрған айыпталушы Марк Злуняев (ортада). Сол жағында анасы әрі қоғамдық қорғаушысы Татьяна Злуняева, оң жағында адвокаты Гүлнара Валимова
Әскери сотта жауап беріп тұрған айыпталушы Марк Злуняев (ортада). Сол жағында анасы әрі қоғамдық қорғаушысы Татьяна Злуняева, оң жағында адвокаты Гүлнара Валимова

Бүгін, 3 қарашада Алматы гарнизонының әскери сотында Қаңтар оқиғасы күндері Талдықорған қаласындағы әскери бөлім маңында мал бағуға шыққан 24 жастағы Ерназар Қырықбаевтың оққа ұшқанына байланысты соттың екінші отырысы өтті.

Бұл жолы сотқа Ерназар Қырықбаевқа оқ атқан деген күдікті, Талдықорған қаласындағы шабуылдаушы әскери десант бөлімінің қызметкері Марк Злуняевтің басшылары куәлікке тартылды.

Олар Қаңтар оқиғасы кезінде әскери бөлім ерекше дайындыққа келтірілгенін, Злуняев өз міндетін орындады деп санайтын баяндады. Әскери қызметкерлер сөзінше, "оққа ұшқан Ерназар Қырықбаев әскери бөлімге қауіп төндіретін жерге дейін жақындаған". Алайда олар "тыйым салынған белгі болды ма, жоқ па" деген сұраққа нақты жауап бере алмады. Кейбірі малшыға қарата екі-үш рет оқ атылды деді. Ал сот сараптамасында 15 оқ атылғаны көрсетілген.

Өзін батальон штабының бастығы Жоламан Ердәулетұлы деп таныстырған офицер Злуняевтың адвокаты Гульнара Валимованың "Марк Злуняевтің орнында сіз болсаңыз қайтер едіңіз" деген сұрағына "қару қолдану ережесі бойынша мен сөйтер едім" деп жауап берді.

Сотта барлығы 4 куәгер сұралды. Тағы екі куәгер жауынгер орыс тіліне аударатын аудармашы қажеттігіне байланысты кейін сұралатын болды.

Сотта айыпталушы Марк Злуняевтың өзінен де жауап алынды. Оның сөзінше, әскери бөлім жаққа қарай салт атты кенеттен шыға келген. Талдықорғанда дүрбелең болып жатқан соң мұны да шабуыл болуы мүмкін деп ойлағанын айтты.

- Оны малшы киімін киіп, аумақты бақылап жүрген барлаушы екен деп ойладым. Айқайлап ескерту жасадым. Бірақ құлақ аспады,- деді ол.

Жәбірленуші тараптың адвокаты Берден Қадыр куәгерлер сөзі шындыққа сай келмейтінін айтып, судьяға келесі сот отырысын оқиға болған Талдқорғандағы әскери бөлім маңында, яғни көшпелі сот өткізуді ұсынды. Бұл ұсынысқа айыпталушының адвокаты мен прокурор қарсы болды. Бірақ судья қолдап, келесі отырысты малшы жігіт өлген Талдықорғандағы әскери бөлім маңында өткізу жөнінде ұйғарым жасады.

24 жастағы Ерназар Қырықбаев қаңтардың бесінде Талдықорған қаласындағы әскери гарнизон шетінен өтіп бара жатқанда атымен қоса оққа ұшқан. Оны іздеп барған жұмысшыларға да жауынгерлер оқ атып, қол көтеруге мәжбүрлеген. Жауынгерлер "Тоқта!" деген бұйрыққа бағынбаған салт аттыны атып, жедел жәрдемге салып жібергенін айтқан. Туыстарына Ерназар Қырықбаевтың денесін бір аптадан соң ғана берген. Оқиғаны тексерген әскери прокуратура көп ұзамай-ақ "әскери қызметкерлердің ісінде қылмыстық сипат бар" деген тұжырым жасаған.

Ерназар Қырықбаев ісіне байланысты сот 20 қазанда басталған.

Қаңтардың бесінде Талдықорғанда болған Қаңтар оқиғасы кезінде бірнеше адам қаза болып, Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші құлатылған. Дүрбелең аяқталған соң да екі отбасыға жауынгерлер оқ атып, бес адам өлгені анықталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG