АҚШ құны 400 млн доллар болатын жаңа әскери көмек аясында Украинаға Phoenix Ghost маркалы 1100 камикадзе-дронын, 250 бронды транспортер, 40 бронды катер, әуе шабуылынан қорғайтын Hawk кешені, Чехияның қару жүйесінде бар Т-72 танкілерін береді.
Қаржының бір бөлігі Киевке әскери көмекті үйлестіретін Германияда штаб құруға, одан бөлек әскери қызметкерлерді жаттықтыруға жұмсалады, деді Пентагон өкілі 4 қазан күнгі брифинг кезінде.
Қару-жарақтың басым бөлігі Украина үшін арнайы өндіріледі немесе қалпына келтіріледі. Сол себепті қару-жарақты жеткізу 2023 жылы аяқталады деп айтылады.
Ақпаннан бері Вашингтон Украинаға құны 18 млрд доллар болатын әскери техника мен жабдықтар берген. Киевке бұған дейін де 700 Phoenix Ghost дрондары берілген. Аталған дрон әуеде нысанын күтіп, 6 сағаттан астам ұша алады. Бұдан соң құлдырай төмендеп, нысанаға барып жарылады. Дронның бронды техниканы жоюға шамасы жетеді.
- Жұма күні АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Джейк Салливан Киевке келді. Оның сапары алдын ала хабарланған жоқ. Баспасөз жиыны кезінде ол 8 қараша күнгі конгреске аралық сайлаудан кейін де АҚШ Киевке көмегін жалғастыра беретініне сенетінін айтты.