Украинаның Мәскеу аннексиялап алған Донецк облысында Углегорск қаласы "Жоғарғы сотының" судьясы Александр Никулинге қастандық жасалды, деп хабарлады аннексияланған аймақтағы Ресей билігі.
Ақпаратқа қарағанда, қастандық жасалғаны жөнінде хабар кезекші бөлімге 4 қарашада кешке түскен. Жәбірленуші оқ жарақатын алған, қазір жағдайы ауыр деп айтылады. Полицейлердің оқиғаның жай-жапсарын анықтап жатқаны хабарланды.
Шілде айында Никулин өзін республика жариялап алған "ДХР" Жоғарғы соты алқасының төрағасы ретінде көрінген. Ол Ұлыбританияның екі азаматы Эйден Аслин мен Шон Пиннерге үкім оқыған, сонымен бірге марокколық Брагим Саадунды өлім жазасына кескен. Сот "әскерге жалданды" және "билікті қарумен басып алуға талпынды" деп айыпталған шетел азаматтарын кінәлі таныған. Сотталушылардың туыстары жақындарының Украина қарулы күштерінде келісім-шарт бойынша қызмет еткенін айтты. Қыркүйекте олар тұтқын алмасу нәтижесінде босатылған.
- Ресей Украинаға 24 ақпанда басып кірген. Украин аймағының бір бөлігін басып алғаннан кейін Мәскеу ол жаққа шенеуніктерін тағайындай бастаған. Көктемнен бері оларға шабуылдар жасалды. Кейбірінің қаза болғаны хабарланды.
- Украина қыркүйекте қарымта шабуыл бастаған. Сол кезде Ресей билігі Донецк, Луганск, Херсон, Запорожье облысында және Николаев облысының бір бөлігінде аталған украин облыстарын Ресейге қосу бойынша асығыс референдум өткізілген. Украина мен көп ел референдумды мойындамаған. Себебі ол оккупация мен әскери қимылдар кезінде өтті, бұл халықаралық норма мен украин заңнамасына қайшы.
- 30 қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путин Украинаның Херсон, Запорожье, Донецк және Луганск облысындарын аннексиялап алғанын жариялаған. Киев Ресей бақылауға алған жерлерін азат ететінін және референдум мен аннексияны мойындамайтынын бірнеше рет мәлімдеген.