Ұлыбританияның жаңа премьер-министрі Риши Сунактың қайын атасы негізін қалаған үнділік Infosys ІТ компаниясы жарты жыл бұрын Ресейден кететінін мәлімдегенмен әлі сонда жұмыс істеп жатыр. Бұл жөнінде The Guardian басылымы жазды.
Аты аталмайтын әлемдік клиенттердің біріне қызмет көрсеткен IT компания қызметкерлері мен жергілікті мердігерлерге ақы төлеп те жатыр. Компания өкілі соңғы клиенттермен жұмыс істеген қызметкерлер "кейінгі апталарда" Ресейден кеткенін мәлімдеді.
Сәуірде компанияның атқарушы және басқарушы директоры Салил Парех компанияның Ресейден кететінін мәлімдеген. Оның сөзінше, Infosys Украинадағы жағдайға "қатты алаңдап" 1 млн доллар көлемінде гуманитарлық көмек көрсеткен. Ол Мәскеудегі кеңсесі ресейлік бірде-бір клиентке қызмет көрсетпегенін айтты. Ал The Guardian жазуынша, жеті айдан кейін де Ресейде компания кеңсесі орналасқан ғимаратта компания логотипі мен тақтайшасы ілініп тұр.
Ұлыбритания Ресеймен қарым-қатынаста қатаң саясат ұстанған елдердің бірі. Лондон Украинаны қолдап, әскери көмек жіберген, Украинаның әскери қызметкерлерін жаттықтырып, дипломатиялық қолдау көрсеткен.
Британ оппозициясы Сунактан отбасының соғыс кезінде Ресейде ақша тауып жүруінің себебін түсіндіруді талап етті.
Премьер-министрдің әйеліне Infosys акциясының 0.91 пайызы тиесілі. Алайда осы үлестің өзі 700 млн доллар деп бағаланады, ал компанияның тұтас құны 77 млрд деп айтылады.