"Журналистерді қорғау комитеті" (CPJ) Қырғызстан билігін Азаттықтың Қырғыз қызметі – "Азаттық Медиа" сайты мен оның банк шотын ашуға үндеді.
"Азаттық сайтын жауып, радиостанцияның банк есепшотын бұғаттау елдегі ең маңызды жаңалық сайттарының біріне қысым жасап отырған қырғыз билігінің заңсыз, сорақы әрекеті. Азаттық радиосының жұмысына кедергі келтіру талпыныстарының барлығын доғару керек. Қырғыз билігі тәуелсіз баспасөзді жау көрмеуі тиіс. Азаттық және өзге тәуелсіз БАҚ-ты қудаламай, кедергісіз жұмыс істеуіне жағдай жасау керек" деді CPJ'дің Еуропа және Орталық Азия бойынша бағдарлама үйлестірушісі Гулноза Саид.
"Медиаполиси институтының" заңгері Акмат Алагушев Журналистерді қорғау комитетіне берген сұхбатында банк шотын бұғаттауды қисынсыз қадам деп атап, қырғыз билігі Азаттықтың жұмысына кедергі келтіру үшін барлық әдістерді пайдаланып отыр деген.
26 қазанда Қырғызстанның мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігі Азаттықтың Қырғыз редакциясы Қырғызстан мен Тәжікстан арасында болған қақтығыс туралы жаңалық сюжетін алып тастау туралы талабын орындаудан бас тартқаны үшін "Азаттық Медиа" сайтын екі айға жабу туралы шешім қабылдаған. Ведомство сюжетте "қырғыз жағының Тәжікстанға "шабуылдағаны" жөнінде "тексерілмеген ақпарат бар" дейді. Кейін мәдениет министрлігі жабу туралы бастаманы ведомствоның өзі көтергенін хабарлаған.
Азат Еуропа/ Азаттық радиосы медиакорпорациясының басшылығы мұны тәуелсіз БАҚ-ты қудалау амалы деп бағалап, бұл Қырғызстандағы демократияға нұқсан келтіреді деп мәлімдеген.
27 қазанда Қырғызстанның мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігі "Азаттык Медианың" тіркеу құжаттарын тексерген. 29 қазанда ведомство "Азаттык Медианың" өзге IP-адрестер мен домендер арқылы жұмыс істеп жатқаны жөнінде хат жолдап, министрлік "құқық қорғау органдарына шағым түсіре алады" деп ескерткен.
31 қазанда қырғызстандық "ДемирБанк" өкілдері Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінен Азаттықтың Қырғыз редакциясының банк шотын жабу туралы нұсқау алғанын хабарлап, мекеме шотын бұғаттаған. Азаттықтың Қырғыз қызметіне қаржы мекемесінен жазбаша ешқандай хабарлама не ескерту келмеген.
Азаттық бұған дейін қаржы барлау қызметі мен ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетіне сауал жолдаған. Әзірге жауап келмеді.