Украинада соғыста халықаралық легион құрамында болған украин жағында соғысқан америкалық ерікті 23 жастағы Скайлер Грегг қаза болды. Бұл жөнінде The Daily Beast басылымы хабарлады.
Әскери қызметкердің өлгенін басылымға Скайлер Грегг қызмет еткен бөлім командирі мен марқұмның әкесі растаған. Журналистер еріктінің 29 қазанда Украинаның солтүстік-шығысында орыс әскерінің артиллериялық шабуылы кезінде қаза болғанын анықтады.
Скайлер Греггтің әпкесі Мэри Грегг-Мерфи Фейсбук парақшасында "Менің қымбатты, батыр інім Скайлер Ресейге қарсы соғыста украин достарына көмектесіп, парызын орындаймын деп жүріп, опат болды" деп жазды.
Басылымның жазуынша, Скайлер Грегг территориялық қорғаныстың халықаралық легионына биыл сәуірде қосылған. Маусымда Харьков түбіндегі соғыста жараланып, біраз уақыт әскери госпитальда емделген. Кейін қайта майданға оралған.
Басылымның жазуынша, Скайлер Грегг ресейлік танкінің жеңіл көлікті таптап өткені жайлы сюжетті көрген соң Украинаға соғысқа аттануға бекінген. Әкесі ұлының Украинаға соғысқа баруына қарсы болған, бірақ Скайлер әуелі Польшаға барып, кейін Киевке келген.
Қазан ортасында Украинада Американың Айдахо штатынан келген, бұрын АҚШ-тың жаяу әскері құрамында Дейн Партридж опат болған. 34 жастағы Партридж 2007-2009 жылдары Иракта жаяу әскер құрамында қызмет етті. Ол 3 қазанда Луганск облысы Северодонецк ауданында танк шабуылына кезігіп, ауыр жараланған. Дәрігерлер бірнеше апта бойы оның өмірі үшін күресті.
Украина жағында соғысып жатқан қанша Америка азаматының бары жөнінде ресми дерек жоқ. Дейн Партридж халықаралық легион құрамында соғысып, қаза тапқан бесінші америкалық ерікті. Бұған дейін АҚШ-тың төрт азаматы: Брайан Янг пен Люк Люцишин (шілде айында опат болған), Стивен Забельски (мамырда қаза болған), Вилли Кэнсел (сәуірде өлген) қаза болған.
ПІКІРЛЕР