7 қарашада Ақтауға барған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездеспек болған бір топ әйел "Достық үйіне" кіре алмады. Оларды полиция алып кетті.
Азаматтық белсенді Нұргүл Тәңірбергенованың айтуынша, президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуге қырыққа жуық әйел келген. Алайда президент халықпен жүздеседі деп белгіленген орын - Ақтау қаласындағы Қазақстан халқы ассамблеясының ғимараты "Достық үйінің" маңы қоршалып, ол жерге шақырусыз келгендерді полиция әкеткен.
- Көбі қашып үлгерді. Алты адамды Ақтау қалалық полиция басқармасына әкетті. Қазір сол жерде отырмыз, - деді Нұргүл Тәңірбергенова Азаттыққа.
Полиция әкеткен Майра Мәмбетова, Айнұр Жақыпова, Махаббат Ермаханова, Тұрсынай Нысанбаева, Назгүл Үшкембаева мен Нұргүл Тәңірбергеновалар - көп балалы аналарға берілетін күміс және алтын алқа иелері. Кейбірінің күтімінде ерекше балалары да бар.
Нұргүл Тәңірбегенова көп балалы аналар президентпен кездесіп, бастан кешіп жүрген қиындықтарын айтпақ болды дейді.
- Көпшілігінің үйі жоқ, бірі пәтер жалдайды, тағы бірі жағдайы нашар жатақханада тұрады. Қымбатшылық қысып барады, жұмыс жоқ. "Сіз тағы президент болсаңыз не істей аласыз?" деп сұрағымыз келген,- дейді Нұргүл Тәңірбергенова.
Қолында ерекше баласы болғандықтан полиция әкетпеген Назгүл Садықова көп балалы әйелдерді полиция күшпен әкеткенін, оны фото, видеоға түсіруге полиция мүмкіндік бермегенін айтты.
- Мүгедек баламмен бардым. Президент неге бізбен сөйлеспейді? Бізді жақындатпады. Президентті алыстан көрсем де жағдайымды айқайлап айтармын деп ойладым, оған да жеткізбеді. Президентпен қалай да жолықққым келеді,- дейді ол.
Азаттық тілшісі бұл жөнінде Маңғыстау облысының полиция департаментіне хабарласқанымен жауап ала алмады.
7 қарашада Қазақстан президенті Қасым Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына келген. Оның халықпен мұндағы алғашық кездесуі Ақтау қаласындағы Достық үйінде өткен. Кездесуге мәслихат депутаттары, жергілікті шенеуніктер мен бюджет қызметкерлері ғана кірді.
Қасым-Жомарт Тоқаеы 20 қарашада өтетін кезектен тыс президент сайлауына қатысатын алты кандидаттың бірі. Әзірге оның өзі тікелей үгіт-насихат сапарымен өңірлерге барған жоқ. Оның орнына президенттің Республикалық қоғамдық штабын басқаратын Қазақстан парламенті мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов аймақтарды аралап, Тоқаевқа дауыс беруге үндеп жүргені байқалады.
ПІКІРЛЕР