Accessibility links

"Алға, Қазақстан" партия тіркеу үшін алтыншы рет құжат тапсырып, министрліктің екінші жауабын сотқа берді


Тіркелмеген "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясы белсенділері әділет министрлігіне құжат тапсыру үшін келіп тұр. Астана, 27 қазан 2022 жыл.
Тіркелмеген "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясы белсенділері әділет министрлігіне құжат тапсыру үшін келіп тұр. Астана, 27 қазан 2022 жыл.

9 қарашада "Алға, Қазақстан" тіркелмеген оппозициялық партиясының бастамашыл тобы партияларын тіркеу үшін әділет министрлігіне алтыншы рет құжат өткізді. Бұл жолы да бастамашыл топ өкілдері екі мыңнан астам адам қолын тапсырған.

Бұл туралы Азаттыққа "Алға, Қазақстан" тіркелмеген оппозияциялық партиясы ұйымдастыру комитетінің лидері Әсет Әбішев айтты. Оның сөзінше, жаңадан жиналған екі мыңнан аса қолдың 1251-і видео дәлелдемемен қоса тапсырылған.

- [Партия тіркеуге құжаттарды] алтыншы мәрте өткіздік. Әдеттегідей кешке жауабын береді деп отырмыз. Әр өткізген сайын [партия] тіркеледі деп үміттенеміз, - дейді ол.

Әсет Әбішев бастамашыл топ әділет министрлігінің партия тіркеу туралы құжаттарды екінші мәрте кері қайтарған жауабына қатысты алғашқы сот процессінің өткенін де айтты.

- Медиациялық келісім туралы ұсыныс болды. Бірақ оған әділет минитстрлігі келіспеді. Енді сот процессінің қашан басталатынын да күтіп жүрміз, -деді ол.

Әсет Әбішев әділет министрлігіне жалпы бес мың адамның қолын өткізгенін айтады.

"Алға, Қазақстан" тіркелмеген оппозициялық партиясы бұған дейін құжаттарын әділет министрлігіне 5 мамыр, 18 сәуір, 22 кыркүйек, 12 казанда және 26 қазанда тапсырған.

26 қазанда бастамашыл топ әділет министрлігінен тіркеу құжатының "Саяси партиялар туралы" заңының 8-бабына сай емес (ведомство партия тіркеуге қажетті адамдардың санына күмән келтірген) деген жауап алған. Ал 27 қазанда бастамашыл топ құжатты жаңа қолдармен толықтырып қайта өткізгенімен, министрлік партияны тіркемеген.

"Алға, Қазақстан" партиясын құруға тырысып жүргендердің қатарында оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлин бар.

Әділет министрлігінің мәліметінше, елде 2019 жылдан бері 18 саяси партия тіркелуге өтініш берген. Содан бері әзірге үш бастамашыл топ тіркелген.

Партия құрғысы келетін белсенділер билік "саяси себеппен партияны тіркемейді" дейді, бірақ билік мұны жоққа шығарады.

5 қарашада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Саяси партиялар туралы" заңға қол қойды. Жаңа заңға сәйкес, партия мүшелерін тіркеу шегі 20 мыңнан 5 мың адамға дейін төмендетіліп, өңірлердегі өкілдердің саны 200 адам болады. Ал партия құру үшін бастамашыл топтың саны мың адамнан 700-ге дейін азайтылған.

Қуанышәлинге партия құруға тағы да рұқсат бермеді
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:12 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG