Accessibility links

Қазақстан әзербайжан құбыры арқылы мұнай айдауды 6,5 млн тоннаға дейін жеткізуді көздеп отыр


Қазақстан 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Баку - Тбилиси - Жейхан мұнай құбыры арқылы 1,5 млн тонна мұнай экспорттай бастайды. Бұған қоса, оның көлемін алдағы уақытта 6,5 млн тоннаға дейін жеткізу мәселесін қарастырып жатыр. Бұл жөнінде 10 қарашада сенат кулуарында журналистерің сұрақтарына жауап берген премьер-министр Әлихан Смайылов айтты. Оның сөзінен Власть сайты үзінді келтіреді.

"Бізде 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Баку - Тбилиси - Жейхан құбыры арқылы 1,5 млн тонна мұнай айдау туралы келісім бар. Алдағы уақытта оның көлемін 6-6,5 млн тоннаға дейін жеткізу мәселесі қаралып жатыр. Темір жол мүмкіндігіне тоқталсақ, қазір "Теңізшевройл" сатып алды, вагон-цистерналар санын екі есеге ұлғайтты. Батуми және Өзбекстан темір жол бағыты бойынша пилоттық бастамалар жүзеге асырылды" деді Смайылов.

Оның сөзіне қарағанда, үкіметтің мұнай экспортын әртараптандыру бойынша арнайы жол картасы бар. Ол Баку - Тбилиси – Жейханнан бөлек, Баку – Супса және Баку – Батуми бағыттарын да қарастырады. Ол жақта Қазақстанның өз терминалы бар. Бұған қоса, Атыраудан Батуми мен Өзбекстанға және Қытайға темір жол бағыттары бар.

"Осы барлық бағыт бойынша қазір мұнай экспортын ұлғайту жұмыстары жүргізіліп жатыр" деді премьер-министр.

Қазақстан мұнайының басым бөлігін тасымалдайтын ресейлік Каспий құбыр консорциумы желісінде ақау жиілеген шақта жазда Reuters құпия дереккөздерге сүйене отырып, Нұр-Сұлтан мұнайының бір бөлігін Әзербайжан арқылы тасымалдауды жоспарлап отыр деп жазған. Бұған дейін Қазақстан энергетика министрі Болат Ақшолақов Қазақстан Ресейді айналып өтетін Баку – Тбилиси – Жейхан мұнай құбыры арқылы 1,5 млн тонна мұнай экспорттау бойынша келісімге қол жеткізетініне сенімсіздік білдірген. Ол сонымен бірге Reuters айтқан Әзербайжан арқылы тасымалданады деп айтылған мұнай көлемі айтарлықтай көп емес екенін де жеткізген.

Биыл шілдеде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай тасымалдауды диверсификациялауды маңызды міндет деп атаған. Осыған орай ол Транскаспий бағытына басымдық беруді тапсырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG