Accessibility links

Самарқанда түркітілдес елдердің саммиті басталады


11 қарашада Өзбекстанның Самарқан қаласында Түркі мемлекеттер ұйымының 9-саммиті басталады. Жеті мемлекеттің басшылары қатысатын кездесуде түркітілдес елдер арасындағы әріптестік талқыланады.

Бұл жолы ұйымға Түркіменстан толыққанды мүше болып, ұйымның бас хатшысы қызметіне қырғыз дипломаты Кубанышбек Өміралиев тағайындалады деп айтылады. Ол бұған дейін осы қызметті атқарған қазақ дипломаты Бағдат Әмреевті алмастырады.

Былтыр түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі Түркі мемлекеттер ұйымы деп өзгертілген. Мемлекет басшыларының кездесуі алғаш рет өзбек қаласында өтейін деп отыр. Саммитке төрағалық ету Өзбекстанға өтеді.

Өзбекстан СІМ аймақ ұйымдарымен өзара қарым-қатынас бөлімінің жетекшісі Рахматилла Нұрымбетовтің айтуынша, саммиттің күн тәртібінде сауда қатынасын дамыту, көлік және кеден қызметімен байланысты процестерді жеңілдету, қосымша көлік дәліздерін ұйымдастыру тәрізді мәселелер бар. Саммит соңында қорытынды құжат ретінде Самарқан декларациясы қабылданады.

Ұйым хатшылығы мәліметіне қарағанда, Самарқандағы саммитке Әзербайжан, Қырғызстан, Қазақстан, Түркия, Өзбекстан президенттері, байқаушы ел болып келген Түркіменстанның бұрынғы президенті Гурбангулы Бердімұхамедов және Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан қатысады.

Бұл жолғы жиын "Түркі өркениетінің жаңа дәуірі: даму және гүлдену жолында" деген ұранмен ұйымдастырылып жатыр. Саммит аясында қатысушы елдер гуманитарлық ынтымақтастық, экономика байланысын нығайту, көлік және кеден, цифрландыру саласында әріптестікті дамыту мәселелерін талқылайды.

Кездесу қарсаңында қатысушы елдердің экономика министрлері келіссөз жүргізген. Онда Түркі инвестициялық қорларын ашу, "Тұрансез" ортақ арнайы экономикалық аймағын ашу мәселелері сөз болған.

XS
SM
MD
LG