Accessibility links

Ермек Нарымбаевтың аштық жариялап жатқанына 40 күн: Адвокат белсендінің кездесуге шамасы жоғын айтты


Полицейлер Алматыдағы "Сарыарқа" кинотеатрының сыртындағы алаңда өткен оппозицияның наразылық акциясынан белсенді Ермек Нарымбаевты әкетіп бара жатыр. 2010 жылғы 30 қаңтарда түсірілген фото.
Полицейлер Алматыдағы "Сарыарқа" кинотеатрының сыртындағы алаңда өткен оппозицияның наразылық акциясынан белсенді Ермек Нарымбаевты әкетіп бара жатыр. 2010 жылғы 30 қаңтарда түсірілген фото.

Белсенді Ермек Нарымбаевтың түрмеде аштық жариялап жатқанына 40 күн болды. Адвокаты Жанар Балғабаева 10 қарашада түрмеге барғанмен Нарымбаевпен кездесе алмаған, себебі белсендінің төсектен тұрып, шығуға шамасы жетпеген.

– Алдында дүйсенбі күні барған кезде Ермек жүріп жүрген. Ол кезде кәдімгідей ұзақ жүрген. Ермек энергиясын үнемдеп, күрт қимылдамауға тырысатыны түсінікті. Ол өз акциясын "бас айналу акциясы" деп те атайды, себебі басы үнемі айналады. Ол кез келген нәрседен позитив табуға тырысып, осылайша әзілдейді. Міне, сондай "бас айналу" акциясында оның адвокатпен кездесуге шамасы жетпеді. Дәрігердің айтуынша, қазір оны күштеп тамақтандыруға негіз жоқ. Қазір тікелей Ермек Нарымбаев жатқан жерге кіргізуге рұқсат сұрап, полиция департаментіне өтініш әзірлеп жатырмын. Қылмыстық атқару жүйесі комитеті не деп жауап беретіні белгісіз, себебі бұған дейін олар сотталушылар тұратын жерге адвокат кіргізілмеуі тиіс деген, – дейді Жанар Балғабаева.

Осыған дейін Ермек Нарымбаевтың түрме медпунктіне жатқызылғаны хабарланған еді. Қазан айының басынан бері нәр татпай, құр су ішіп жатқан белсенді әділ сайлау өткізуді, сайлау учаскелерінің хаттамаларын ОСК сайтына жариялауды талап етіп отыр. Белсендінің денсаулығы нашарлап бара жатқан шақта жақтастары мен адвокаттары, жақындары Нарымбаевтың хәліне алаңдайды.

"Орталық сайлау комиссиясын Нарымбаевтың талабына құлақ түріп, әділ сайлау өткізуге және сайлау хаттамаларын сайттарына жариялауға уәде беруге шақырамын. Сол кезде Ермек аштығын тоқтатар еді. Оның жағдайы әбден нашарлады" деді Жанар Балғабаева.

Адвокат Жанар Балғабаеваның сөзіне қарағанда, аштыққа дейін Ермек Нарымбаевтың салмағы 105 килограмм болса, 10 қараша күні 83 келі болған. Қан қысымы 130-180 аралығында құбылып тұр. "80-ге дейін түсіп кететін кездер болады" дейді адвокат.

Қылмыстық атқару жүйесі комитеті түрмедегі Ермек Нарымбаевтың аштық акциясынан хабардар екенін, белсенді наразылық акциясын бастаған 3 қазаннан бері дәрігерлер оны "бақылауына алғанын" бұған дейін мәлімдеген.

  • Құқық қорғаушылар түзген "саяси тұтқындар" тізіміне енген 52 жастағы Ермек Нарымбаев саяси белсенділігі үшін бірнеше рет қылмыстық іс бойынша жазаға кесілген. 2015 жылы қазанда "алауыздық тудырды" деген айыппен үш жылға сотталған. Кейін апелляция соты үкімді жеңілдетіп, үш жыл шартты жазаға ауыстырған.
  • 2016 жылы Ермек Нарымбаев өзіне биліктен қатер төнгенін айтып, Украинаға кетіп қалған еді. Биыл ақпанның басында Қазақстанға оралған белсендіні Алматы қаласының әуежайында ұшақтан түскен бетте полиция ұстап әкетіп, қамаған. Адвокаттың айтуынша, Нарымбаевқа сот кескен жаза мерзімінің әлі өтелмеген екі жарым жылы бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG