Accessibility links

Ресей СІМ Американың 200 азаматына елге кіруге тыйым салды. Арасында Джо Байденнің туыстары да бар


АҚШ президенті Джо Байденнің қарындасы Валери Байден Оуэнс.
АҚШ президенті Джо Байденнің қарындасы Валери Байден Оуэнс.

Ресей сыртқы істер министрлігі АҚШ-тың 200 азаматына елге кіруге тыйым салды, арасында АҚШ президенті Джо Байденнің бауырлары мен қарындасы бар.

Ресейге "бара алмайтындар" тізімінде генералдар, Украина қорғаныс министрлігіне кеңесші болып жүрген Америка азаматтары, сенаторлар, АҚШ әділет министрінің орынбасары, қорғаныс кәсіпорындарының жетекшілері, Ақ үй баспасөз хатшысы Карин Жан-Пьер бар.

Ресейге кіруге тыйым салынған 200 адамның қатарында Джо Байденнің бауырлары Джеймс пен Френсис, Байденнің қарындасы Валери Байден Оуэнс те бар.

Ресей СІМ-нің санкциясына сонымен қатар спутниктен суреттер түсіретін, орыс әскерінің әскери қылмыстарын да суретке түсірген Maxar Technologies компаниясының бірнеше қызметкері ілінген. Тізімде сонымен бірге күн сайын Украинадағы соғыс туралы хабарлама тарататын Соғысты зерттеу институтының сарапшылары бар. Politico-ның бас редакторы Мэттью Камински мен тарихшы Энн Эпплбаумға да тыйым салынған.

Ресей СІМ-нің түсіндіруінше, бұл Байден әкімшілігінің "Ресейдің ресми тұлғалары, қоғам, мәдениет қайраткерлері ғана емес, қандай да бір себеппен Вашингтонға жақпай қалған азаматтарға" тұрақты түрде салған санкциясына жауап.

Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін АҚШ Ресей басқыншылығын қолдаған ресейліктерге кезең-кезеңмен санкция енгізіп жатыр. Қыркүйек соңында Америка санкциясына жүздеген ресейлік ілінген. Арасында вице-премьер Александр Новак, Орталық банк басшысы Эльвира Набиуллина, Орталық банк төрағасының бірінші орынбасары Ольга Скоробогатова да бар.

Бұған қоса, санкцияға Ресей Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведевтің әйелі мен ұлы, премьер-министр Михаил Мишустиннің әйелі мен екі ұлы, тележүргізуші Ксения Собчактың анасы Людмила Нарусова, Мәскеу мэрі Сергей Собяниннің отбасы мүшелері, қорғаныс министрі Сергей Шойгудың отбасы мүшелері, ұлттық гвардия әскері федералдық қызметінің директоры Виктор Золотов, мемлекеттік дума депутаттары мен сенаторлар, олардың отбасы мүшелері ілінген.

XS
SM
MD
LG