Accessibility links

Украинаға басып кіруді "естен адасу" деп атаған Депардье Ресейдегі продюсерлік орталығын жабады


Ресейдің Париждегі елшілігінде дауыс беріп жатқан актер Жерар Депардье. 18 наурыз 2018 жыл.
Ресейдің Париждегі елшілігінде дауыс беріп жатқан актер Жерар Депардье. 18 наурыз 2018 жыл.

Француз актеры Жерар Депардье жұмысы тоқтаған Ресейдегі "ПЦ ЖД" продюсерлік орталығын жабады. Бұл жөнінде әртістің досы, продюсер Арно Фриллит ТАСС агенттігіне хабарлады.

"Бұл орталық аудиовизуал жобаларды дамыту үшін құрылған еді. Ол істемесе, пайда жоқ. Тіпті құр тұрғанның өзінде қаражат талап етеді" деді Фрилли. Ол болашақта жаңа орталық ашуы мүмкін екенін жеткізді.

Фриллидің айтуынша, мұндай шешім Ресейдің Украинаға басып кіруінен туындаған дағдарысқа қатысы жоқ.

Продюсер одан бөлек, "Нормандия — Неман" фильмін түсіру жұмыстары тоқтатылғанын да айтты. Депардье оны Калининград облысында орыс-француз жобасы ретінде түсірмек болған. Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін француз жағы жобадан кеткен.

"Әлі де болса оны қандай да бір жолдармен жүзеге асыра аламыз деп үміттенеміз" дейді Фрилли.

2013 жылы Жерар Депардье Ресей азаматтығын алған. Биыл наурызда ол Ресейдің Украинаға басып кіруін айыптаған. Депардье Ресей президентінің әрекетін "естен адасу" және "көнуге болмайтын" жайт деп атаған.

XS
SM
MD
LG