Accessibility links

Қырғызстан парламентіне қырғыз-өзбек шекарасы жөнінде даулы құжат түсті


Қырғызстан парлаентінің ғимараты.
Қырғызстан парлаентінің ғимараты.

Қырғызстан парламентіне қырғыз-өзбек шекарасындағы жекелеген аумақ мәселелерін қамтитын құжат түсті. Жогорку кеңеш депутаттары Нұржігіт Қадырбеков пен Дастан Бекешов Азаттықтың Қырғыз қызметіне ақпаратты растады.

Құжат келесі аптада халықаралық істер, қорғаныс, қауіпсіздік және көші-қон істері жөніндегі комитет отырысында қаралады деп айтылады. Одан соң парламент қарауына жіберіледі.

Президент кеңсесі мен министрлер кабинетінің баспасөз қызметі әзірге түсініктеме бермеді.

3 қарашада Қырғызстанға Өзбекстан сыртқы істер министрі Владимир Норов келген. Сол кезде қырғыз-өзбек шекарасының жекелеген аумақтары жөнінде және Кемпірабад су қоймасы ресурсын бірге пайдалану жөнінде келісімге қол қойылған еді.

Оған дейін парламенттің халықаралық істер, қорғаныс, қауіпсіздік және көші-қон істері жөніндегі комитеті Кемпірабад су қоймасы ресурсын бірге басқару жөнінде үкіметаралық келісімді мақұлдаған.

Дәл осы комитет 10 қазанда Өзбекстанмен бірқатар аумақты делимитациялау жөнінде келісім жобасын қарап, басым дауыспен мақұлдаған. Сол кезде Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің жетекшісі Қамшыбек Ташиев келісім бойынша Кемпірабад су қоймасы орналасқан 4485 гектар аумақ Өзбекстанға өтеді, ал Ош пен Жалалабад облысындағы 18 мыңнан астам гектар Қырғызстан жағында қалатынын мәлімдеген. Оның сөзінше, осы келісімнен кейін Қырғызстан картасы 15 мың 806 гектарға кеңейеді.

Қазанда Бішкекте жаппай белсенділер мен саясаткерлер ұстала бастаған. Олар "жаппай тәртіпсіздік" бойынша қозғалған істе күдікті танылған. Іс бойынша барлығы 26 адам ұсталған.

Ұсталғандар қылмыстық істі өздерінің Кемпірабад қоймасы бойынша ұстанымдары мен оны қорғау жөніндегі комитеттің құрылуымен байланыстырады. Ал президент Садыр Жапаров ұсталғандар "Кемпірабад су қоймасы мәселесіне" алаңдап отырған жоқ деп санайды.

XS
SM
MD
LG