Accessibility links

Таунхаус құрылысына ақша құйған Орал тұрғындары далада қалғандарын айтады


Ковыльная көшесіндегі таунхаус құрылысына ақша құйған үлескерлер далада қалғанын айтып, наразылық танытып тұр. Орал, 13 қараша 2022 жыл.
Ковыльная көшесіндегі таунхаус құрылысына ақша құйған үлескерлер далада қалғанын айтып, наразылық танытып тұр. Орал, 13 қараша 2022 жыл.

13 қарашада Оралда үлескерлер наразылыққа шықты. Олар құрылысына ондаған миллион теңге қаржы құйған таунхаус салынады деген орынға жиналды. Уәде етілген үйлерге қол жеткізе алмаған жұрт ақшаны қайтаруды талап етті.

Үлескерлер "Строй Дом" компаниясы таунхаус салады деген Ковальная көшесіндегі орында наразылық акциясын өткізді. Үлескерлердің сөзіне қарағанда, мұнда әрқайсысында бес пәтерден үш таунхаус салынуы тиіс болған. Қазір бұл аумақта қоршаудың ар жағында екі үй тұр. Бұрынғы жер иесінен қалған үйлер сүрілуі тиіс болған.

– 2021 жылы күзде таунхаустың сатылатыны туралы хабарландыру көрдім. Қарасам, компания қалада көп үй салған екен. Кеңсесіне барып, сосын жер теліміне келіп, жобаны көрдік. Ертесінде кеңсеге қайта бардық. Логашкин ("Строй Дом" компаниясының директоры) барлық құжаты түгел екенін, рұқсаты барын айтты. Қағаз ақшамен 17 млн теңге санап бердім – сол үшін үш бөлмелі пәтерімді сатқанмын, – деді төрт баланың әкесі Мақсұт Жарлықағанов.

Жарлықағановтар әулеті – төрт бала және үш ересек адам, екі бөлмелі пәтерді бір жылдан бері жалдап тұрады. Ковыльная көшесіндегі үш таунхаусқа ақша салғандардың басым бөлігінің басындағы жағдай осы.

Үлескер Дарига Орманова
Үлескер Дарига Орманова

– Пәтерімді саттым, баспана жағдайымды жақсартқым келген. Ақыры далада қалдым. Қасым-Жомарт Тоқаевқа айтарым: қазір сайлауалды компанияңыз жүріп жатыр. Жемқорлыққа қарсы екеніңізді айтасыз, бір-екі адамның кесірінен далада қалған мына адамдарға көмектесіңіз, – деді Дариға Орманова.

Наразылар екі ай бұрын полицияға шағым жазған. Олардың сөзінше, істі тіркегенмен тергеу жүргізбей отыр.

– Біз прокурордың орынбасарының қабылдауында болдық. Ол істі бақылауға алғанын айтты, бірақ үш апта өтті, қозғалар емес, - деді Дариға Орманова.

Үлескерлер "Строй Дом" директоры немесе оның жұмысшыларымен тікелей сөйлесе алмаған.

– Үш ай бұрын олардың кеңсесіне бардық. Бізді Ольга Исаева қарсы алды. Ол үйлерді салмайтынын, ақшаны қайтарып беретінін айтқан. Бірақ нақты қашан қайтаратынын айтпаған. Қазір кеңсесі жабық, телефон қоңыраулары мен хабарламаларға жауап бермейді, – дейді Мақсұт Жарылқағанов.

Таунхаус құрылысына 15 отбасы әрқайсысы 17-22 млн теңгеден ақша салған. Салымшылардың әрқайсысы үш миллион теңгеден астам қаражатқа ұтылғанын айтады. "Строй Дом" компаниясына құйған қаражатқа ендігәрі баспана сатып алу мүмкін емес - бір жыл ішінде баспана қымбаттап, инфляция да құйылған ақшаны "жей бастаған". Дегенмен олар құйған ақшаны толық қайтаруды талап етіп отыр.

Азаттық тілшісі "Строй Дом" компаниясына хабарласа алмады. Компания өкілдерінің телефондары не өшірілген, не жауап бермейді.

Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті биыл 15 қазанда "Бұзақылық" бабы бойынша (190-бап, 3-бөлік) іс қозғалғанын айтты. Тергеу "өндірісте".

XS
SM
MD
LG