Accessibility links

Қазақстан СІМ: Стамбулдағы жарылыста зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтары жоқ


Бүгін Қазақстан сыртқы істер министрлігі Стамбулда болған жарылыста Қазақстан азаматтары зардап шекпегенін хабарлады.

"Дипломаттарымыз түні бойы кезекшілік етті. Сол маңдағы барлық ауруханаларды аралады. Бақытымызға қарай, зардап шеккендер арасында еліміздің азаматтары жоқ" деді брифингте сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.

Ол "өзге ақпарат түссе, дереу хабарланатынын" айтты.

Сыртқы істер министрлігінің хабарына қарағанда, "Қазақстанның Стамбулдағы бас консулдығы Түркия мен қала басқармасының өкілетті органдарымен ұдайы байланыста отыр".

13 қарашада Стамбулда жарылыс болған. Кемі алты адам өлім, 81 адам жараланған, оның екеуі ауыр жағдайда ауруханаға түскен.

Стамбул қаласының Истикляль көшесінде теракт жасаған болуы мүмкін деген күдікпен бір адам ұсталған. Бұл жөнінде Түркия ішкі істер министрі Сүлейман Сойлу хабарлады.

Қазірге дейінгі мәліметтер "терактінің артында Түркияда тыйым салынған Күрдістан жұмысшы партиясы тұрғанын" көрсетеді деді министр. Анкара Күрдістан жұмысшы партиясын террор ұйым деп санайды.

Түркия вице-президенті Фуат Октай терактіні әйел адам жасаған болуы мүмкін деп хабарлаған.

Жарылысқа жауапкершілікті әзірге ешкім мойнына алған жоқ. 2015-2016 жылдары Түркияның ірі қаласында "Ислам мемлекеті" террор ұйымы бірнеше рет жарылыс жасаған.

Қазақстан СІМ жексенбі түнде Қазақстанның Стамбулдағы бас консулдығы жараланғандар немесе қаза болғандар арасында қазақстандықтардың бар-жоғын тексеріп жатқанын мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG