Дүйсенбіде Ресей сыртқы барлау қызметінің басшысы Сергей Нарышкинмен кездескен АҚШ Орталық барлау басқармасының (ОББ)директоры Уильям Бернс Ресейді ядролық қару пайдаланудан сақ болуға шақырды.
Алдын ала жарияланбаған кездесу Анкарада өткен. "ОББ директоры Ресей тарапына ядролық қару қолданудың салдары мен оның стратегиялық тұрақтылыққа қалай қауіп төндіретіні жөнінде ескертті" дейді АҚШ президенті жанындағы ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілі. Кездесу кезінде Ресей түрмесінде отырған Америка азаматтары жөнінде, соның ішінде Бритни Грайнер мен Пол Уилан туралы да сөз болған.
Бұл Ресейдің Украинаға басқыншылығы басталғалы екі ел өкілдерінің жоғары деңгейде өткен алғашқы кездесуі. Кездесу кейінгі айларда Кремль өкілдерімен байланыс орнатып жүрген Джо Байден әкімшілігінің бастамасымен өткен.
Биыл қазан айында Ресей генералдарының тактикалық ядролық қару қолдану мәселесін талқылағаны Вашингтонның айрықша алаңдаушылығын туғызған. Қазан айында АҚШ қорғаныс министрі Ллойд Остин Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгуға екі рет телефон соғып, ядролық қару қолданудан сақ болуға шақырған. АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан Ресей қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Николай Патрушевпен бірнеше рет телефон арқылы сөйлескен. Таяуда Ресей президенті Владимир Путин Украинаға ядолық қару қолданар ойы жоқ екенін мәлімдеген. Украинада соғыс басталғалы Ресей президенті Путин қажет болса ядролық қару қолданатынын бірнеше рет меңзеген еді.
New York Times газетінің мәліметіне қарағанда, екі елдің барлау қызметі басшыларының кездесуінде Ресей мен Украина арасында бейбіт келіссөз жүргізу мүмкіндігі туралы сөз болмаған. Америка өкілдері бұл мәселе Украинаның қатысуынсыз және келісімінсіз талқылау мүмкін емес деп санайды. Украина басшылығына Уильям Бернс пен Сергей Нарышкиннің кездесетіні туралы алдын ала хабар берілген.
Бұрын АҚШ-тың Ресейдегі елшісі болған Уильям Бернс 2021 жылы қараша айында Мәскеуге барып, Ресейдің Украинаға басып кіруге шешім қабылдап отырғанын Вашингтон білетінін және оған қалай жауап берілетінен ескерткен. Сол сапарында ол Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескен.
ПІКІРЛЕР