Азаматтық белсенді Юрий Маленьких 16 қарашада Алматыда президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан ескерткіштің ашылуына барғысы келгенін айтады. Алайда айтуынша, рәсім басталмай тұрып бірнеше сағат бұрын полиция өзін жұмыс орнынан алып кеткен.
"Полиция мен істейтін шіркеу аумағына кіріп, ұстап әкетті. Күшпен Алмалы аудандық полиция бөлімшесіне апарды. Ол жақта хәлім нашарлап, 103 шақырттым. Алайда олар "жедел жәрдем шақырмасын" деп телефонымды да тартып алды. Бірақ дәрігерлер бәрібір келіп, көмек көрсетті. [Полиция әрекетінің салдарынан] Қан қысымым 180-ге дейін көтеріліп кетті" деді Азаттыққа белсенді Юрий Маленьких.
Белсенді дәрігерлер жазып берген дабыл парақшасын да көрсетті. Онда белсендінің қан қысымы 180/80 деп көрсетілген. Дабыл қағазы сағат 11:22-де беріліпті.
Оның сөзіне қарағанда, полицейлер ұстау себебін де түсіндірмеген. Бөлімшеде ешқандай хаттама да толтырмаған. Екі сағаттан соң босатып жіберген. Ол полицияның әрекетіне шағымданатынын да жеткізді. Әзірге оның шағым жазғаны-жазбағаны белгісіз.
16 қарашада түстен кейін Азаттық тілшісі Алмалы аудандық полиция басқармасының бастығы Есен Ысқақовқа хабарласқанмен телефон тұтқасын ешкім көтермеді. Ал қабылдау бөлмесінде отырғандар басқарма бастығының орынбасары Айбат Мырзамәдиевке хабарласу керектігін айтты. Оның нөміріне бірнеше рет хабарласқанымызбен жауап ала алмадық.
16 қарашада президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Алматы жұртшылығымен" кездескен. Ақорданың жазуынша, Тоқаев қаладағы Ахмет Байтұрсынұлына арналған ескерткішті де ашқан.
Сәрсенбі күні Тоқаевтың "қала халқымен кездесетіні" алдын ала хабарланбады. Қалада полицейлер көбейіп, көлік кептелісі пайда болды.
ПІКІРЛЕР