Accessibility links

Атырауда Қаңтар оқиғасына байланысты сотта жәбірленуші полицейлер жауап берді


Қаңтар оқиғасы бойынша Атыраудағы сот. 12 қыркүйек, 2022 жыл
Қаңтар оқиғасы бойынша Атыраудағы сот. 12 қыркүйек, 2022 жыл

Бүгін, 16 қарашада Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта Қаңтар оқиғасы бойынша айыпталған 27 адамның ісінің сотында жәбірленуші полицейлерден жауап алынды.

Іс бойынша қазір 115 жәбірленуші (олардың барлығы - полицейлер мен әскери қызметкерлер) бар. Жәбірленушілердің 20-сы Қаңтар оқиғасында жарақаттанғандарын айтқан. Бұған қоса істе 110 куәгер бар.

Сотта полицейлер Еламан Рамазанов, Нұрбол Аяғанов, Айдос Сейтқазиев Қаңтар оқиғасы кезінде жеңіл жарақат алғанын, өміріне қауіп төнетін күш қолдану болмағанын жеткізді. Барлығы да қаңтарда қалай соққыға жығылғанын баяндап, сотталушыларға жеке арыз-талабы жоғын, бірақ билік өкілі ретінде шешімді сот қарауына қалдыратынын айтты.

Ал полиция қызметкерлері Марат Шыңғыс, Әнуар Асқарұлы, Қаршыға Дүйсенғалиев, Айдын Хисметов сотталушылар арасында 5 қаңтардағы дүрбелеңде өздеріне араша түсіп, көмек бергендер де бар екенін мәлімдеді.

Әнуар Асқарұлының сөзінше, 5 қаңтарда облыс әкімдігінің алдында ереуілшілердің бірі полицейдің қорғаныш қалқанын бір тепкен соң қақтығыс басталған. Сосын "халық арасынан" газ баллоны лақтырылған.

Осы кезде залда отырған сотталушылардың бірі Аслан Хатим "баллон халық арасынан емес, полицейлер жақтан лақтырылды" деді.

Бұдан бөлек сотта қамауда отырған күдікті Дулат Бекжановтың адвокаты Рысты Қалиева жақында қабылданған "Рақымшылық туралы" заңға сүйене отырып, қорғауындағы азаматты үйқамаққа ауыстыруды сұрады. Ол Бекжановтың отбасылы екенін, кәмелетке толмаған баласы мен жалғызбасты әкесі барын, сотқа кедергі келтіретіндей әрекеті жоғын айтты.

Судья Зарема Хамидуллина Дулат Бекжановқа аса ауыр қылмыс жасады деген айып тағылғанын, рақымшылық заңы бойынша оның жазасы тек қысқаруы мүмкін екенін жеткізді. Сот адвокат өтінішін кейін қарастыратынын айтты.

Бекжановқа "жаппай тәртіпсіздікке қатысу", "ұрлық", "қаруды, оқ-дәрілерді заңсыз тасвмалдау, сақтау", "қаруды жымқыру не қорқытып алу" айыптары тағылған.

Қалиева Бекжановтан басқа Аслан Хатим мен Сағат Жолдасовтың да қорғаушысы. Екеуі қазір үйқамақта. Хатимге "жаппай тәртіпсіздікке қатысу", "тонау"; ал Жолдасовқа да "жаппай тәртіпсіздікке қатысу", "билік өкіліне топтасып күш қолдану", "құжаттарды заңсыз алу" айыптары тағылған.

Соттың келесі отырысы 23 қарашаға белгіленді.

Атырауда Қаңтар оқиғасы бойынша айыпталған 27 адамның төртеуі тергеу абақтысында отыр. Қалғаны үйқамақта және ешқайда кетпейтіні туралы қолхатпен босатылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG