Қырғызстан парламенті Азат Еуропа/Азаттық радиосының Қырғыз қызметі "Азаттық медиа" журналистеріне берілген аккредитацияны уақытша тоқтатты.
Бұл жөнінде 16 қарашада парламенттің баспсөз қызметі хабарлап, оның себебін мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігінің Азаттық сайтын екі айға бұғаттауымен түсіндірді.
Жогорку кеңештен хабар тарату үшін журналистер парламенттің баспасөз қызметінен аккредитация алуы тиіс.
26 қазанда Қырғызстан ақпарат министрлігі "Азаттық медиа" қызметінің веб-сайтын екі айға жабу туралы шешім шығарған.
Бұған дейін "Биринчи Радио" ұлттық телерадио хабарын тарату кешені және "Санжыра" радиосы Азаттықтың телерадиобағдарламаларын таратуды да тоқтатқан.
31 қазанда қырғызстандық "ДемирБанк" өкілдері Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінен Азаттықтың Қырғыз редакциясының банк шотын жабу туралы нұсқау алғанын хабарлап, мекеме шотын бұғаттаған. Азаттықтың Қырғыз қызметіне қаржы мекемесінен жазбаша ешқандай хабарлама не ескерту келмеген.
Азат Еуропа/Азаттық радиосының президенті Джейми Флай Азаттық радиосы сенімді, шынайы ақпарат бұлағы екенін және ешбір кедергісіз жұмыс істеуіне рұқсат берілуі тиіс екенін мәлімдеген.
Бірқатар халықаралық ұйымдар қырғыз билігін "Азаттық медианың" сайтына және банк есеп-шотына қойылған бұғатты тезірек алып тастауға шақырды.
ПІКІРЛЕР