Сенат Халықаралық қайта құру және даму банкінен 345 млн еуро қарыз алу туралы келісімді мақұлдады. Қарыз бюджет тапшылығын жоюға жұмсалмақ.
Келісімге биыл тамызда қол қойылған. Қарыз Қазақстанға 2,5 жыл жеңілдікпен 11,5 жылға беріледі. Қарыз республикалық бюджет есебінен төленеді.
Қазан айында қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев биыл бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге шаққанда 3,3 пайызды құрайтынын (3,3 трлн теңге), бірақ алдыңғы қарыздарды есепке алғанда, қарыздарды өтеу үшін нарықтан шамамен 4 трлн теңге тарту қажеттігін алға тартқан. Жамаубаевтың айтуынша, екі-үш жылдан соң үкімет ірі көлемдегі қарызды өтеуге мәжбүр болғандықтан қарызды әртараптандыру маңызды. Аталған қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесі 2,5 пайыздан аспайды, ал халықаралық нарықта оның мөлшері өсіп барады.
Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, Ерұлан Жамаубаев Қазақстан алып отырған қарыз көлемі "рекордтық көрсеткіш" емес екенін, бұған дейін "одан да көп қарыз" алғанын айтқан. Ол Қазақстанның бюджет тапшылығы "артып бара жатқанын" жоққа шығарып, үкімет "керісінше оны азайтуға күш салып жатыр" деген.
2022 жылдың 1 қаңтар күнгі мәліметі бойынша, Қазақстанның сыртқы қарызы 165,1 млрд долларды құраған, былтырмен салыстырғанда қарыз көлемі жарты миллиард долларға артқан.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының мәліметінше, мемлекет қарызы өсіп, елдің алтын валюта резерві мен Ұлттық банк активі едәуір қысқарған шақта 2021 жылы елдің сыртқы қарыз тұрақтылығы бойынша көрсеткіші нашарлаған.
ПІКІРЛЕР