Accessibility links

АҚШ-тағы сайлау: Республикашылдар Конгрестің өкілдер палатасын бақылауға алды


Өкілдер палатасындағы республикашылдар жетекшісі Кевин Маккарти
Өкілдер палатасындағы республикашылдар жетекшісі Кевин Маккарти

Сәрсенбі күні Калифорниядағы округтардың бірінде дауыс санау аяқталғаннан кейін өкілдер палатасындағы орындардың басым бөлігіне Республикалық партия ие болғаны анықталды. 8 қарашада АҚШ-та Конгреске аралық сайлау өткен.

Қазір республикашылдар өкілдер палатасындағы 218 орынға ие, ал демократтар 211 орынды иеленген. Дегенмен қалған алты мандатты кім алатыны белгісіз. Америкалықтардың едәуір бөлігі бюллетендерін поштамен жібергендіктен дауыс санау процедурасы кешіккен. Оларды өңдеу үшін де біраз уақыт керек.

АҚШ президенті Джо Байден өкілдер палатасындағы республикашылдар жетекшісі Кевин Маккартиге құттықтау жолдап, бірге жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді. Кевин Маккарти өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелосиді алмастырмақ.

"Америкалықтар өзгеріске дайын және оны жүзеге асыруға дайынбыз" деді Маккарти.

Кейінгі екі жылда Конгрестің қос палатасын Демократиялық партия билеген еді. Бұл Ақ үй қолдауына ие демократтарға республикашылдардың пікірін ескермей заңдарды қабылдауға мүмкіндік берген.

Келесі жылдан бастап кез келген заң және бюджет жобаларын мақұлдау өкілдер палатасында басым көпшілік болып отырған республикашылдардың келісімімен ғана жүзеге асырылмақ. Демократтар сенаттағы басымдығын сақтай алған. Сарапшылар алдағы екі жылда Конгрестің маңызды заң жобаларын мақұлдай алатынына күмән келтіреді.

Болжам бойынша, Конгрестегі күштердің орналасу реті Украинаға қаржы бөлу, бюджет шығынын көбейту, салық саясатына қатысты мәселелерде ортақ шешімге келуді қиындатуы мүмкін. Кевин Маккарти республикашылдар энергия өндірісі мен оңтүстік шекараны нығайту мәселесіне басымдық беретінін айтты.

XS
SM
MD
LG