Accessibility links

5 күнге қамалған түркістандық белсенді Нұржан Мұхаммедов сот шешіміне қарсы аштық жариялады


Белсенді Нұржан Мұхаммедовті полиция әкеткен сәт. 17 қараша 2022 жыл.
Белсенді Нұржан Мұхаммедовті полиция әкеткен сәт. 17 қараша 2022 жыл.

17 қарашада Түркістан облысы Ордабасы аудандық соты белсенді Нұржан Мұхаммедовты бес тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы үкім шығарды. Ол үш жылға дейін қоғамдық-саяси тақырыпта пікір білдірмеу туралы сот талабын бұзды деп айыпталып отыр. Белсенді сот үкімімен келіспей, аштық жариялады. Бұл туралы Азаттыққа белсендінің өзі айтты және прокуратураға аштық жариялайтыны жайлы арызын жолдады.

14 қарашада учаскелік полиция қызметкері Мұхаммедовқа сотқа шақырту және әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама тапсырған. Онда белсендіге Әкімшілік кодекстің 669-бабы (Сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін және атқарушылық құжаттарды орындамау) бойынша айып тағылғаны жазылған.

Айыптауға белсендінің Facebook парақшасына жарияланған видеолары ілік болған. Мұхаммедов бұл видеоларда ЖСН нөмерін бұғаттаудан шығаруды; Жанболат Мамай, Қалас Нұрпейісов, Ержан Елшібаев сияқты белсенділерді босатуды сұраған.

Сот қаулысында белсенді кінәсін ішінара мойындағаны жазылған. Мұхаммедов тікелей эфирге шыққанын мойындайды, бірақ онда жеке сәйкестендіру нөмірін бұғаттан шығаруды талап етіп, жеке бас мәселесін ғана қозғағанын айтады. Ол қалған видеолардағы белсенділерді босату туралы үндеуін де саяси талапқа жатқызбайды.

– Шеруге шақыру, президентке "кет" деу, төңкеріске үндеу болса, саяси талапқа жатады. Түрмеде жатқан адамдарға бостандық сұрауым – азаматтық позициям, конституциялық құқығым. Конституцияның 20-бабында "Қазақстан Республикасының әр азаматы жеке ойын білдіруге құқылы" деп көрсетілген, – дейді Мұхаммедов.

Мұхаммедов сот шешімімен келіспейтінін, босап шыққанша бес тәулік бойы аштық жариялайтынын айтты. Ол өзін сот ғимаратынан алып кеткен полиция қызметкерлерінің көлігінде отырып, Ордабасы аудандық прокуратурасына арыз жазды.

Белсенділер түсірген видеода полиция көлігінде отырған Мұхаммедов "Үйде кәмелеттік жасқа толмаған бес балам бар. Күнделікті бала-шағама нан-суын әкеліп жүруші едім. Енді бес тәулік үйде болмасам, балаларым аш қалуы мүмкін. Сондықтан мен де аштық жариялаймын" деді.

Белсенді әкімшілік қамауға алынуын алдағы сайлаумен байланыстырады.

– Сайлау алдындағы белгілі дүние ғой. Саяси науқан алдындағы қоғам белсенділерін қудалау, қамау деп есептеймін. Әр қалада белсенділер бірнеше тәулікке қамалып жатыр ғой, – деді Мұхамедов.

2021 жылы 15 маусымда Шымкент қаласы Қаратау аудандық соты Нұржан Мұхаммедовтың үстінен қылмыстық іс қозғап, "ҚДТ және "Көше партиясы" ұйымының жұмысына араласты", "жария түрде билік өкілін қорлады" деген айыппен екі жылға бостандығын шектеген. Бұған қоса үш жылға дейін қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға тыйым салған.

Ал 2021 жылы тамызда белсендінің ЖСН (жеке сәйкестендіру нөмірі) бұғатталып қалған.

– Көлік құралдарын сақтандыру, анықтама алу, тіпті, сот салған айыппұлдың өзін төлеуге мүмкіндік болмай қалды. Қайда барсам да, жеке сәйкестендіру нөмірім базадан шықпайды. Шымкент қалалық прокуратурасына барып, арыз жаздым. Нәтиже болмады. Прокуратура “біз бұғаттамадық” дейді, салық органдарына барсам, олар да “қатысымыз жоқ” деп қайтарады. Мәселем шешілмеген соң, қыркүйекте ЖСН-ді ашуды талап етіп, тікелей эфирге шықтым, – дейді Мұхаммедов.

"Нұржан Мұхаммедов қолдады" делінген ұйымдар – ҚДТ мен "Көше партиясын" Нұр-Сұлтан соты "экстремистік ұйым" деп таныған, ал Еуропарламент "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған. Құқық қорғаушылар екі ұйымға қатысты шыққан сот шешімінің жарияланбағанын айтып, сынаған.

Мұхаммедов бұған дейін "саяси тұтқындарға бостандық" талап еткен жиындарға, Қытай экспансиясына, жердің сатылуына қарсы шығып, бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартылған.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Нұржан Мұхаммедовті "саяси тұтқындар" тізіміне енгізген.

  • 16x9 Image

    Динара ТІЛЕУБЕК

    Динара Тілеубек Азаттыққа 2019 жылдан бері жазады. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін тәмамдаған. Бұрын республикалық басылымдар мен телеарналарда жұмыс істеген. Автормен оның Facebook парақшасында пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG