Accessibility links

ҰҚК сайлау алдында "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болған топты ұстадық" дейді


Ұлттық қауіпсіздік комитеті "20 қарашада Қазақстанда жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болған" күдіктілерді ұстағанын мәлімдеді.

ҰҚК-ның 17 қарашада жарияланған ақпаратында Алматы және Алматы облысындағы қызметкерлер жүргізген "арнайы операция" кезінде жеті адам ұсталғаны айтады.

ҰҚК Қылмыстық кодекстің "Билікті басып алуды не ұстап тұруды насихаттау не оған жария түрде шақыру, сол сияқты билікті басып алу немесе ұстап тұру не Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгерту" және "Жаппай тәртіпсіздік" бабы бойынша тергеу басталғанын да хабарлады. Комитет күдіктілердің есімін айтпады.

ҰҚК "күдіктілер ел ішінде шу туғызып, қалаларды басып алу жоспарын құрған" әрі "Астана мен Алматы қаласына басты назар аударған" дейді.

"Олар Мұхтар Әблязовтің билікті сынаған әрекеттерін қолдап, елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Көше партиясы" ұйымдарының белсенді ретінде Әблязовтың пікірлеріне қосылған. ҰҚК қызметкерлері наурыздан бері осы қылмыстық топты анықтау үшін жұмыс істеді" дейді ҰҚК.

Шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Әблязов жұртты сайлау күні митингіге шығып, күш қолданбай әкімшілік ғимараттарға кіріп алуға шақырған. Әблязовтың өзі ҰҚК мәлімдемесіне қатысты пікір білдірген жоқ.

ҰҚК "күдіктілер жаппай тәртіпсіздік кезінде қару-жарақ пен "молотов коктейлін" қолдануды көздегенін" айтады.

"Топ 20 қараша күні өтетін кезектен тыс сайлауда дауыс беруді болдырмас үшін шабуыл жасамақ болған" дейді ҰҚК.

Комитет видеомәлімдемесінде "күдіктілердің жаппай тәртіпсіздікті жоспарлап отырған сәтін" де көрсетеді.

ҰҚК бұл мәлімдемесін сайлауға санаулы күн қалғанда жариялады. 20 қарашадағы сайлауға елдің қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та түспек. Тоқаевтың бес қарсыласы елге аса танымал емес. Сайлау алдында елдің түпкір-түпкірінде белсенділер ұсталып жатқаны да айтылды.

Қазақстан билігі Әблязовтың ҚДТ қозғалысын және "Көше партиясын" "экстремистік ұйым" деп танып, елдегі қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент қарарында бұл екі ұйымды"бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG