Accessibility links

МАГАТЭ Ресейден Запорожье АЭС-індегі әскерін әкетуді талап етті


Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) басқарма кеңесі Ресейді Запорожье АЭС-індегі әскері мен қызметкерлерін әкетуге, станцияны иемдену бойынша "негізсіз мәлімдемелерден" бас тартуға және Украинаның ядролық нысандарындағы кез келген әрекетті доғаруға шақырды.

Резолюцияны құрамында 35 ел бар кеңеске мүше елдердің басым бөлігі қолдады. Онда сонымен бірге Украинада "лас бомба" іздері табылмағаны жазылған.

Қараша басында МАГАТЭ мамандары Украинадағы үш ядролық нысанды тексерген. Тексеру жұмыстары Киевтің өтініші бойынша жүргізілген. Оның алдында Ресей билігі "украин жағы өз аумағында "лас бомба" жаруға дайындалып жатыр, оны Ресейден көрмекші" деп мәлімдеген. Киев пен Батыс Мәскеудің айыптауын жоққа шығарған.

Резолюция авторлары сонымен бірге Запорожье АЭС-індегі украин қызметкерлеріне қысым жасау, сонымен бірге атқылаудың салдарынан станцияның сыртындағы жабдықтардың бұзылу фактілеріне де алаңдаушылық білдірген.

Бұл Ресей ақпанда Украинаға басып кіргелі бері Украинадағы ядролық қауіпсіздік мәселелеріне арналған МАГАТЭ-нің үшінші резолюциясы. Құжатқа Ресей мен Қытай қарсы болған. Жеті мемлекет – Үндістан, Пәкістан, Сауд Арабиясы, Вьетнам, ОАР, Кения және Намибия дауыс беруден қалыс қалған.

Ресейдің халықаралық ұйымдағы тұрақты уәкілі қарарды ұйымның мандатына қайшы "кәсіби тұрғыдан дұрыс толтырылмаған" құжат деп атап, онда "фактологиялық қателіктер" барын айтқан.

  • Ресей Запорожье атом электр станциясын 4 наурызда басып алған. Содан бері атом электр станциясы бірнеше рет шабуылға ұшыраған. Киев пен Мәскеу бір-бірін кінәлаған. Ресей билігі Запорожье облысын аннексиялап алғаннан кейін Ресей үкіметі атом электр станциясын мемлекет меншігіне өткізуді жөн көрген.
  • Қыркүйекте МАГАТЭ Запорожьеге барған сапары бойынша есеп жариялаған. Олар станция маңында "қорғаныш аймағын" құруға және станцияны атқылауды доғаруға үндеген.
  • Станция маңындағы аймақты демилитаризиациялау идеясын Украина, Еуроодақ өкілдері мен АҚШ қолдайды. Ресей ұсынысқа қарсы шығып, "станция онан сайын қорғансыз бола түседі" деген.
XS
SM
MD
LG