Accessibility links

Қаңтарда ұлынан айырылған Арайлым Сағатбаева "сөмкесінен табылған оқ ісі" бойынша тергеуге шақырылды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Осы аптада Өскемен әуежайында "сөмкесінен оқ табылып" Астанаға ұша алмай қалған Арайлым Сағатбаева полицияға тергеуге шақырылды. Бұл жөнінде Азаттыққа адвокаты Дәурен Толымханов хабарлады.

Адвокаттың айтуынша, Қаңтарда қаза болған ұлының өліміне кінәлілерді табуды талап етіп жүрген Арайлым Сағатбаеваға "қорғануға құқығы бар куәгер" статусы берілген.

– Оқ табылуына байланысты "атыс қаруын, оқ-дәрiлердi тасымалдау немесе алып жүру" (287-баптың 3-тармағы) бабы бойынша іс тіркелді. Сағатбаева "қорғануға құқығы бар куәгер" болып танылды. Қазір оққа қатысты сараптама тағайындалды. Сараптама шамамен үш күндей уақыт алады, - дейді адвокат Дәурен Толымханов.

Адвокаттың сөзінше, аталған бап бойынша айыппұл, бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Сағатбаеваны полицияға шақырғанын белсенді, құқық қорғаушы Инга Иманбай да Facebook-тағы парақшасында хабарлаған. Ол шақыртуын көрсеткен Сағатбаеваның суретін жариялады.

Қаңтар кезінде қаза болған 25 жастағы Қуаныш Қабылхановтың анасы Арайлым Сағатбаева 16 қарашада Астанаға ұшпақ болған кезде қауіпсіздік қызметкерлері оны Өскемен әуежайында ұстап алып қалған. Сағатбаеваның айтуынша, оның сөмкесінен "оқ табылған". Айтуынша, қызметкерлер оны пластик пакетке салмастан бұрын әуелі өзіне ұсынып "ұстатып алған". Арайлым Сағатбаева "далап" екен деп байқамай ұстап алғанын айтады. Полицияда шамамен төрт сағат болған Сағатбаева кейін үйіне жіберілген. Полицейлер "оқтың сөмкеден табылуын" зерттейтінін мәлімдеген. Қаңтарда қаза болған баласын атқандарды жазалауды талап етіп жүрген ана "оқиға әдейі ұйымдастырылған болуы мүмкін" деп санайды. Сағатбаеваның жақтастары мен құқық қорғаушылар "билікті арандатуға тырысты" деп айыптаған.

– Ұлымды өлтіру фактісі бойынша қозғалған іс уақытша тоқтатылды. Соған байланысты Өскеменнің мамандандырылған тергеу сотына шағым түсірдім. Алайда тергеу соты шағымымды қанағаттандырмады. 14 қарашада сот қаулысын қолыма алған соң Жоғарғы сотқа бармақшы болдым. Енді міне, ешқайда шықпай қалдым. Аппеляциялық шағымды адвокатым арқылы онлайн өткіздім, - деді Сағатбаева 18 қарашада Азаттыққа.

Қарай отырыңыз: "Сөмкесінен оқ табылған". Қаңтарда ұлы қаза тапқан әйелді әуежайдан ұстады (16 қараша 2022 жыл).

"Сөмкесінен оқ табылған". Қаңтарда ұлы қаза тапқан әйелді әуежайдан ұстады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:14 0:00

Қаңтар оқиғасы кезінде Өскеменде оққа ұшып, мерт болған үш азаматтың бірі Қуаныш Қабылхановтың артында әйелі мен бір жастағы қызы қалды. Арайлым Сағатбаева ұлының өліміне кінәлілерді табуды сұрап, жергілікті әкімдікке, Алматы мен Астана қалаларына да барып, тіпті президенттің қабылдауына да жазылған. Президент әкімшілігі "Қасым-Жомарт Тоқаев қазір желтоқсан айында жазылған адамдарды қабылдап жатыр" деп кезек күтуін сұраған.

XS
SM
MD
LG