Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің студенті оқу орны сайлауға баруға мәжбүрлеп жатқанын айтып шағынды. Атын атамауды сұраған студенттің айтуынша, мұндай жағдай алғаш рет болып тұрған жоқ.
- Осыдан бірнеше күн бұрын кураторымыз тобымыздың WhatsApp-тағы чатына “20 қарашада сайлау болады. Соған барлығың міндетті түрде қатысуың керек. Және барған кезде дауыс бергендеріңді суретке түсіріп, фотоесеп ретінде бізге жіберулерің керек” деді. Мұндай жағдай бірінші рет болып отырған жоқ. [2022 жылғы 5 маусымда өткен] рефередум кезінде де осындай тапсырма берген, - деді студент.
Оның сөзінше, топ жетекшісі (куратор) сайлаудан "фотоесеп" жіберуді “жоғарыдан келген тапсырма” деп түсіндірген. Азаттық бұл бойынша Оңтүстік Қазақстан университеті басшылығына хабарласты. Ректор орынбасары Садыбек Бейсенбаев бұл ақпаратты жоққа шығарды.
- Сайлауға барыңдар деген тапсырма мүлде болған жоқ. Студенттер ондайды қайдан шығарып жүргенін білмедім. Біз деканаттарға да, кураторларға да тапсырма берген жоқпыз. Сайлауға бару-бармау әркімнің өз еркі. Ешкімді мәжбүрлей алмаймыз. Сондықтан бір-екі студент солай айтты деп даурығудың қажеті жоқ, - дейді университет проректоры.
Азаттық тілшісі “сайлауға барып, фото есеп жіберіңдер деген мәжбүрлеу болды ма?” деп Әуезов университетінің бірнеше студентінен сұрап көрді. Бірақ олар бұл сұрақ жөнінде сөйлесуге құлықсыздық танытты.
Азаттық тілшісі университет проректорына хабарласқаннан бірнеше сағат өткен соң студенттер чатына тағы хабарлама келген. Студент жіберген скринде топ кураторы “Студенттен фотоесеп сұрамасын”, “Студенттен сұрамаңдар деп айтыпты ғой”, “Өз еркімен барып дауыс береді дейді” деген әлдебіреудің хабарламасын жіберген. Және өзі де чатқа “Фотоесеп керек емес” деп жазған.
Жақында осыған ұқсас жағдай Астана қаласында да болған. 10 қаршада Qumash телеграм-арнасы Астанадағы Еуразия ұлттық университеті жатақханаларының бірінде студенттерді "сайлауға баруға міндеттегені" жайлы видео таратқан. Видеода жатақхана қызметкеріне ұқсас әйел адам студенттер жиналысында "осы жерде тұрғасын, сайлау учаскесі осында болғасын түске дейін дауыс берулеріңіз керек" дейді. ЕҰУ басшылығы бұл оқиға өз жатақханасында болғанын мойындады, бірақ студенттерге "тек кеңес бергенін" айтты.
Қазақстанда сайлаушыларды дауыс беруге қатысуға немесе қатыспауға мәжбүрлеуге заң жүзінде тыйым салынған. Бірақ соған қармастан елде студенттерді және бюджет қызметкерлерін сайлауға баруға міндеттеу оқиғалары жиі болады. Бірақ билік көбіне мұндай оқиғалар барын мойындамайды.
2022 жылғы 20 қарашада Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтеді. Оған қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен қоса тағы бес кандидат қатысады.
ПІКІРЛЕР