Ресей әскерінің зымыран соққысы салдарынан Украина энергия жүйесінің жартысына жуығы істен шықты, деп мәлімдеді Украина премьер-министрі Денис Шмыгаль.
"Өкінішке қарай, Ресей Украинаның маңызды азаматтық инфрақұрылымын зымыранмен соққылауын жалғастырып жатыр. Осылайша халықты қыс кезінде жарық, су, жылу және байланыссыз қалдырып отыр. 15 қараша күні ғана Ресей украин қалаларына шамамен жүз зымыран жіберді. Еліміздің энергия жүйесінің жартысына жуығы істен шықты" деді Шмыгаль.
15 қарашада Ресей Украинаның кемінде 17 аймағына зымыран соққы жасаған. Маңызды инфрақұрылымдарға шабуыл жасалды, жеті миллионнан астам үй жарықсыз қалды. Украина қарулы күштерінің әуе күштері басқармасының баспасөз хатшысы Юрий Игнат ел аумағына шамамен жүз зымыран жіберілгенін мәлімдеді. Бұл соғыс басталғалы бері жасалған ең ірі зымыран шабуылдарының бірі.
- Қазан басында Қырым көпірінде жарылыс болғаннан кейін Ресей Украинаның энергетика нысандарын жүйелі түрде атқылай бастады. "Укрэнерго" басқармасының мүшесі Алексей Брехт 10 қарашада елдің энергия жүйесі "зақымданды, бірақ тез есін жиып жатыр" деп мәлімдеген.
- Украина президенті Владимир Зеленскийдің мәліметінше, сегіз ай ішінде Ресей Украинаға шамамен 1,5 мың зымыран жіберген.