Варшава Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровты ЕҚЫҰ-ның министрлер кеңесі отырысына жібермейді. Бұл жөнінде Азат Еуропа/Азаттық радиосының Брюссельдегі тілшісі Рихард Йозвяк хабарлады. Ресей сыртқы істер министрлігі шешімді "теңдессіз әрі арандату" сипатындағы әрекет деп бағалады.
Жиын желтоқсан басында Польшаның Лодзь қаласында өтуі тиіс. 18 қарашада Польша жиынға санкцияға ілінген шенеуніктерді жібермейтінін мәлімдеген. Лавров ақпан айында – Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін санкция тізіміне ілінген.
Польша 2022 жылы ЕҚЫҰ жиынына төрағалық етеді. Ресей СІМ жиынға кіргізбеу туралы шешім төраға етуші ел істейтін әрекет емес деп мәлімдеді. Министрлік ұйымның өзге мүшелерін Варшава әрекетіне баға беруге үндеді.
Осыған дейін Польша ЕҚЫҰ-ның күздегі сессиясына Ресей парламенті мүшелерін жібермей қойған. Делегация мүшелеріне бұл Украинамен ынтымақтастық принципін бұзады деп түсіндірген. Мәскеу бұл ЕҚЫҰ-ға өз міндетін атқаруға кедергі келтіреді деп айтқан.
Қарашада Лавров қатысқан саммитте G20 қатысушылары дәстүрлі ортақ фотодан бас тартқан. Лавров саммитке Ресей президенті Владимир Путиннің орнына келген. Мәскеу президенттің жұмыс кестесі тығыз екенін айтқан, алайда бақылаушылар Кремль Путиннің шара кезінде оқшау қалғанын қаламады деп санайды.