Accessibility links

ОСК: Қазақстанда 10 033 учаскеде дауыс беріп жатыр


Алматы облысы Іргелі ауылындағы № 451 сайлау учаскесі. 20 қараша 2022 жыл.
Алматы облысы Іргелі ауылындағы № 451 сайлау учаскесі. 20 қараша 2022 жыл.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлау күні 10 101 сайлау учаскесі ашылады. Одан бөлек, 53 елде 68 учаскесі жұмыс істейді деп мәлімдеді орталық сайлау комиссиясының мүшесі Константин Петров 20 қараша күнгі брифинг кезінде.

Таңертеңгі сағат 8-дегі жағдай бойынша, елде 10 033 сайлау учаскесі ашылған. Шетелде 17 учаскеде дауыс беру басталған.

Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында сайлау учаскелері Астана уақыты бойынша таңертеңгі сағат 8-де ашылған.

Константин Петровтың айтуынша, 22 578 сайлаушы "есептен шығару" құжатын алған. Мұндай құжатпен олар елдің кез келген "учаскесінде дауыс бере алады".

Алматы, Астана және Шымкентте 86 учаске таңертеңгі сағат 6-да ашылған.

Елде 12 млн-ға жуық адамның дауыс беру құқығы бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы жарлыққа екі ай бұрын қол қойған. Кандидаттарды ұсыну 23 қыркүйек пен 11 қазан аралығында өтті. 21 қазанда кандидаттарды тіркеу аяқталып, үгіт-насихат кезеңі басталған.

19 қарашада елде "тыныштық күні" болды.

Жыл басында Тоқаев Конституция өзгертілмейді деп мәлімдегеніне қарамастан негізгі заңға бір жыл ішінде екі рет өзгертулер енгізілді. Өзгерістерге сәйкес, президент өкілетінің мерзімі 5 жылдан 7 жылға көбейді, қайта сайлану мүмкіндігі алынып тасталды. Қазіргі президенттің мерзімі нөлге теңестірілді.

Тоқаевқа елде аса танымал емес кандидаттар "бәсекелес" болып отыр. "Бәріне қарсымын" графасы 17 жылдық үзілістен соң бюллетенге қайтарылды.

Сайлау кемінде 238 адамның өмірін қиған Қаңтар оқиғасынан кейін он айдан соң өтейін отыр. Жыл басында елдің батысында сұйытылған газдың күрт қымбаттауына байланысты наразылық тұтанып, ізінше өзге аймақтарға жайылған, бірқатар аймақтарда тәртіпсіздік болды. Билік "террористер" шабуылы жөнінде мәлімдеді, "билікті төңкеруге талпыныс жасалғанын" айтты.

Қазақстанда президент сайлаулары 1991, 1999, 2005, 2011 және 2015, 2019 жылдары өткен. Төрт рет кезектен тыс болған. Бесеуінде елді отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев жеңімпаз жарияланды. 2019 жылғы сайлауда Назарбаев билікте қалдырып кеткен Қасым-Жомарт Тоқаев жеңімпаз жарияланды. Батыс бақылаушылары елде өткен президент сайлауларын халықаралық стандартқа сай, әділ өтті деп танымаған.

XS
SM
MD
LG