Accessibility links

Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде белсенділер үйлеріне полиция келгенін айтты


Кезектен тыс президент сайлау күні қаладағы саябақ маңын күзетіп тұрған полиция көліктері. Шымкент, 20 қараша 2022 жыл.
Кезектен тыс президент сайлау күні қаладағы саябақ маңын күзетіп тұрған полиция көліктері. Шымкент, 20 қараша 2022 жыл.

Шымкентте бірқатар белсенділер сайлау күні үйлеріне полиция келгенін хабарлады. Солардың бірі белсенді Данияр Байтілеу жексенбі күні үйін полиция күзетіп тұрғанын айтып, видеосын да жариялады.

Видеода белсенді үйінің маңында жәй көлікте отырған полиция қызметкерінен келген себебін сұрайды. Бақтияр Өксікбаев есімді қызметкер "жұмыста жүрмін" деп, басқа сұрақтарға жауап беруден қашқақтайды.

"2016 жылдан бергі ірі наразылықтар кезінде осының бәрі (полицияның белсенділер үйін торуылдауы – ред.) басталған еді. Бұрын Назарбаев пен Мәсімовтен көруші едім, қазір екеуі де жоқ. Енді қудалауға кімді кінәлаймыз. Неге бұлар есік алдында тұрады? Бұл құқықты таптау... Өз басым сайлауға бойкот жариялағанмын. Сайлау заңнамасын өзгертпей, саяси реформа жүргізбей мұның бәрі цирк. Тіпті бақылаудың өзі құр әурешілік деп ойлаймын" деді белсенді Данияр Байтілеу Азаттық тілшісіне.

Түркістан облысында тұратын белсенді Мұрат Байдәулетов жексенбі күні үйінен шыққан кезде сыртта полиция қызметкерлері тосып тұрғанын айтты. "Тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деп айыпталған белсенді полицияға "базарға баруы керектігін" айтқанда полиция қызметкерлері "арнайы көлік бөлетінін" айтқан.

"Қазір сол полиция көлігімен жүрмін" деді Мұрат Байдәулетов Азаттық тілшісіне.

Қандай да бір саяси оқиға сайын "полицейлердің торуылдауынан шаршағанын айтқан" тағы бір белсенді Нышанбай Ағаділов сайлау өтпей тұрып, бір екі күн бұрын үйінен кетіп қалғанын айтады. Әзірге, үйіне ешкім келмеген.

Түркістан облысы Ордабасы ауданы Шұбарсу ауылында тұратын белсенді Ғабит Оразымбетов 18 қарашада полицияның үйіне келіп, "сайлау күні қайда боласыз?" деп тергегенін хабарлады. Жексенбі, 20 қарашада қалада аста жүрген ол "полиция маған геолокацияңызды жіберіңіз, қалада екеніңізге көзімізді жеткізейік" деп айтқанын жеткізді.

Полиция оқиғаларға түсініктеме бермеді.

20 қарашада елде кезектен тыс президент сайлауы өтіп жатқан күні Алматы мен Астанада полиция 30 шақты белсендіні ұстаған. Басым бөлігі Алматыда ұсталды. Наразылар "таңдаусыз сайлауға" қарсылық білдіріп, "Қаңтар қантөгісін ұмытпау қажеттігін" алға тартты. "Оппозиция митингісі өтеді" деген орындарда бірнеше адам ұсталған.

Алматы полициясы "рұқсат етілмеген акцияларды" өткізу талпынысы болғанын мәлімдеп, "қоғамдық тәртіпті бұзу жайттарын болдырмау мақсатында заңмен бекітілген шаралар қолданылды" деп мәлімдеді.

  • 16x9 Image

    Динара ТІЛЕУБЕК

    Динара Тілеубек Азаттыққа 2019 жылдан бері жазады. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін тәмамдаған. Бұрын республикалық басылымдар мен телеарналарда жұмыс істеген. Автормен оның Facebook парақшасында пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG