Accessibility links

Ақтөбе белсендісі Айнагүл Төбетоваға WhatsApp-тағы бір ай бұрынғы жазбасы үшін 214 мың теңге айыппұл салған


Белсендісі Айнагүл Төбетова сот залында сөйлеп тұр. 21 қараша 2022 жыл

Ақтөбе қаласының әкімшілік соты Қазақстан президентін кезектен тыс сайлау күні жергілікті белсенді Айнагүл Төбетоваға 214 410 мың теңге (70 АЕК) айыппұл салған. Төбетова жексенбі күні түсте көшеде кетіп бара жатқанда полиция әкетіп, алты сағаттан астам полиция учаскесінде кідірткенін айтады.

- Белігісіз жағдайда қайтыс болған ақтөбелік белсенді Аманбике Хайрулланы есіме салып, балаларыңды ойла деді. Кеше кешкілік полиция пунктінде онлайн сот болып, WhatsApp-тағы хабарламам үшін 70 МРП айыппұл салды. Ол осыдан бір айдай бұрын яғни, 25 қазан күні жазылған хабарлама. Билік тіркемей қойған "Алға, Қазақстан" партиясын қолдап, акция өткізейік деп жазғанмын. Өтпеген акция үшін әкімшілік жазаға тартқалы отыр. Әкімшілік соттың бұл шешімімен келіспеймін. Аппеляция алқасына шағым жазамын, -дейді Айнагүл Төбетова.

Ақтөбе полициясы 20 қарашада Айнагүл Төбетованың үстінен әкімшілік құқық бұзғаны туралы хаттама толтырылғанын растады, бірақ оған полиция бөлімінде психологиялық қысым көрсетілгенін жоққа шығарды.

Ақтөбе облыстық соты Айнагүл Төбетова Қазақстанның бейбіт жиын ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы заңнамасын бір жылдың ішінде екінші рет бұзған деп есептейді. Сондықтан Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің 488-бабының 12-бөлімімен айыпталып, 70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынған.

Төбетованың сөзінше, 2022 жылғы алғашқы айыппұл оған Қаңтар оқиғасы кезінде алаңға шыққаны үшін салынған. Белсенді оны әлі төлемегенін айтады. "Соңғы бір жарым жылда саяси көзқарасым үшін салынған айыппұл сомасы 800 мың теңгеден асып кетті. Ешқайсын да төлегенім жоқ. Өйткені жұмыссызбын, есеп-шоттарым бұғатталған. Сот шешімімен келіспей, аппеляция алқасына талай рет шағым жазғанмын. Одан да нәтиже шықпады" дейді Төбетова.

Билікті сынайтын жиындарға ұдайы қатысатын Ақтөбе тұрғыны Айнагүл Төбетова 47 жаста. Ресми жұмыссыз, кәмелетке толмаған екі баласы бар.

21 қарашада Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауы күні Қазақстанның өзге аймақтарында да белсенділерге түрлі қысым жасалып, кейбірі қамауға алынған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG