Accessibility links

Қобдалық белсенді Қарағұлов 5 күнге қамалды. Ол Ақтөбеге барып, сайлауға қарсы акция өткізбек болған


Қобда ауылының тұрғыны Әлібек Қарағұлов. Ақтөбе облысы, 21 қараша 2022 жыл.
Қобда ауылының тұрғыны Әлібек Қарағұлов. Ақтөбе облысы, 21 қараша 2022 жыл.

Ақтөбе облысы Қобда ауылының тұрғыны Әлібек Қарағұлов "ұсақ бұзақылық жасады" деген айыппен бес күнге қамалды. Бұл туралы Азаттыққа Қарағұловтың өзі айтты.

Белсенді кезектен тыс президент сайлауын заңсыз деп санайтындықтан облыс орталығына барып, акция өткізбек болған. Бірақ 20 қарашада ұсталып, Қобдадағы уақытша изоляторға қамалған. Қарағұлов өзін екі тәулік бойы аңдып, Қобдадан шығармай қойған полиция қызметкерін балағаттағанын мойындайды.

- Полиция қызметкерлері мені 19 қарашадан аңди бастады. Қасына жақындап жөн сұрасам, жауап бермей қашады. Бірақ ертелі-кеш ізімнен қалмай қойды. 20 қарашада ашу үстінде біреуін балағаттап жібергенмін. Соны сылтауратып, күндізгі 11 шамасында күштеп ұстап әкетті. Кешкі 6-да Қобдада онлайн сот болып, бес тәулікке қамады. Сотта адвокат болмады, - деді ол Азаттыққа 21 қараша күні телефонмен берген сұқбатында.

Белсенді Азаттық тілшісіне полиция көлігінде екенін, өзін Қобдадан Ақтөбедегі изоляторға алып бара жатқанын айтып үлгерді.

Қарағұловтың сөзінше, ол облыс орталығы Ақтөбеге барып, Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауына қарсы акция өткізбек болған.

- Бұл үшін әкімшілік жазаға тартылатынымды білдім. Бірақ үндемей отыра алмадым, - дейді ол.

Ақтөбе полициясы қобдалық белсенді Әлібек Қарағұловтың ұсталғанын растады. Бірақ неліктен Ақтөбедегі изоляторға жеткізілгенін түсіндірмеді. Полицияның мәліметінше, Қарағұлов ұсақ бұзақылық жасаған.

Ақтөбе облыстық сотының хабарлауынша, Әлібек Қарағұлов Әкімшілік кодекстің "Ұсақ бұзақылық" бабымен айыпталған. Яғни, сот оның полиция қызметкерін балағаттағанын "ұсақ бұзақылық" деп таныған.

51 жастағы Әлібек Қарағұлов тұрғылықты жері Қобда ауылында өтетін наразылық акцияларына үнемі қатысып, билікті жиі сынайды. Жұмыссыз, үш баласы бар. Биыл жыл басындағы Қаңтар оқиғасы кезінде де Қарағұлов әкімшілік жауапқа тартылып, айыппұл төлеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG