Accessibility links

Қамаудағы белсенді Қырғызстандағы "Азаттык Медиа" сайтын 2 айға бұғаттау туралы үкімет шешімін сынады


Қырғыз белсендісі Рита Қарасартова
Қырғыз белсендісі Рита Қарасартова

Қырғызстанда "Кемпірабад ісі" бойынша қамауда отырған азаматтық белсенді Рита Қарасартова Азаттықтың Қырғыз редакциясының сайтын екі айға бұғаттаған үкімет шешімін сынға алды. Белсендінің хаты 21 қарашада өзінің Фейсбук парақшасында жарияланды. Ол сайттың бұғатталғанын қамауда отырғанда білгенін айтқан.

"Өз өмірінде ештеңе жасамаған, жабу мен қиратуды ғана білетін адамдар көбейіп келеді. "Азаттыққа" билік ұдайы қысым жасайтынын білемін",- дейді Қарасартова.

Қарасартова — "Кемпірабад ісі" бойынша қазан айында екі айға қамалған отызға жуық белсенді мен саясаткердің бірі. Оларды қырғыз билігі "Жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болды" деп кінәлаған. Ұсталғандардың кейбірін үйқамаққа отырғызған. Белсенділер өздеріне жасалған қысымды Кемпірабад су қоймасын қорғау үшін комитет құрғандарымен байланыстырады. Қырғызстан Кемпірабад су қоймасын бірлесіп пайдалану жөнінде Өзбекстанмен таяуда келісім жасасқан.

Қырғызстанның мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігі 26 қазанда Азаттықтың Қырғыз редакциясының сайтын екі айға жабу туралы шешім қабылдаған. Ведомство ақпаратына қарағанда, бұл шешім қырғыз билігінің "Настоящее время. Азия" телеарнасының Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында қыркүйекте болған қақтығыс туралы жариялаған сюжетіне реакциясы.

Азат Еуропа / Азаттық Радиосының жетекшілігі бұл қадамды еркін баспасөзге қысым көрсету, қуғындау деп бағалаған. Халықаралық және жергілікті ұйымдар және бірқатар елдер "Азаттык Медиа" сайты мен банк шотының екі айға бұғатталғанына алаңдаушылық білдірген.

Қырғызстан парламенті 17 қарашадан бастап Азаттықтың Қырғыз редакциясы журналистерінің аккредитациясын тоқтататынын мәлімдеген. Ресми хатта бұл шешім мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясатының шешіміне байланысты шығарылғаны айтылған.

Бейкоммерциялық тәуелсіз Азат Еуропа / Азаттық радиосының Қырғыз қызметі Қырғызстанда ресми түрде "Азаттык Медиа" деген атаумен тіркелген. Азаттық Қырғызстан мен әлемдегі қоғамдық өмірді және демократиялық құбылыстарды объективті түрде жариялап, өз материалдарын телеарна, радио, әлеуметтік медиа арқылы таратады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG