Қауіпсіздік мәселесі бойынша келер жылы ақпан айында өтетін Мюнхен конференциясына Ресей шақырылмаған.
Бұл жөнінде дүйсенбіде аталған форумның төрағасы, неміс дипломаты Кристоф Хойсген айтты. "2023 жылы өтетін конференцияға Ресейдің ресми тұлғалары шақырылған жоқ. Біз оларға пропаганда жасайтын платформа бере алмаймыз. Ресейдің болашағын Ресейден қуылғандармен және оппозиция өкілдерімен талқылағамыз келеді. Олардың дауысы естілуге тиіс",- деп жазды Хойсген Twitter парақшасына.
Қауіпсіздік жөніндегі Мюнхен конференциясы — ондаған елдің мемлекет басшылары, министрлері, көрнекті саясаткерлері мен қоғам белсенділері қатысатын халықаралық қауіпсіздік саласындағы беделді форумдардың бірі саналады. Конференцияны ұйымдастырушылар Ресейдің Украинаға басып кіргенін "Украинаны қайғы-қасертке душар еткен, әлемнің өзге елдерінде де дағдарысты күшейткен" бетбұрыс сәт деп атайды.
2007 жылы Мюнхен конференциясында Ресей президенті Владимир Путин сөйлеген. Ол Батысты кінәлап, АҚШ пен оның одақтастарын Ресейге қауіп төндіретін бір полярлы әлем орнатқысы келеді деп қатаң сынаған. Бұл сөзді қазір көптеген бақылаушылар Кремльдің ұзаққа көзделген ниетінің белгісі болды деп бағалайды.
2021 жылы Мюнхен конференциясының жұмысына АҚШ президенті Джо Байден қатысқан.
ПІКІРЛЕР