Өзбекстан парламентінің жоғарғы палатасы Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы шекараның жекелеген учаскелері туралы келісімшарт пен Кемпірабад су қоймасының су ресурстарын бірлесіп басқару туралы екі ел үкіметінің келісімін мақұлдады.
Өзбекстан парламентінің 100 сенатордан құралатын жоғарғы палатасы аталған құжаттарды бірауыздан қолдаған.
Өзбекстан парламентінің сенатында баяндама жасаған халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық байланыстар бойынша комитет төрағасы Раушанбек Әлімов Кемпірабад су қоймасының стратегиялық маңызды нысан екенін, шекара жөніндегі келісімшарт Өзбекстан мен Қырғызстан шекарасындағы даулы мәселелердің нүктесін қоятынын айтқан.
Сенат төрағасы Танзила Нарбаева келісімшарт екі ел арасында шекара бойынша көптен бері қордаланып қалған мәселелерді шешетінін мәлімдеген.
Өзбекстанның заң шығарушы палатасы келісімді 14 қарашада мақұлдаған.
17 қарашада Қырғызстан парламенті де қырғыз-өзбек шекарасы бойынша келісімшартты мақұлдаған. 64 депутат қолдап, 19 депутат қарсы болған. Кемпірабад су қоймасы туралы келісім де мақұлданған.
Кемпірабад су қоймасының мәселесі Қырғызстан қоғамында түрлі пікір туғызған. Кемпірабад су қоймасын Өзбекстанға беруге қарсы шыққан саясаткерлер мен белсенділер "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болды" деген күдікпен қамауға алынған.
ПІКІРЛЕР