Accessibility links

Қарағандыда белсендіні сайлау алдында қамап, біткеннен кейін босатқан


Қарағандылық белсенді Асқар Нұрмағанов Украинаны қолдау акция кезінде.
Қарағандылық белсенді Асқар Нұрмағанов Украинаны қолдау акция кезінде.

Қарағандыда белсенді Асқар Нұрмағанов кезектен тыс президент сайлау алдында қамалып, біткеннен кейін босатылған. Бес күнге қамалған белсенді 22 қарашада қамаудан шыққан. Бұл жөнінде Асқар Нұрмағановтың өзі Азаттыққа хабарлады.

Изолятордан шыққан белсенді Азаттыққа оқиға жөнінде баяндап, сот қаулысын және Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың аудандық полиция бөлімінің изоляторынан босап шыққаны жөнінде анықтаманы көрсетті.

Нұрмағановтың сөзінше, полицейлер оны Солтүстік Қазақстан облысы Смирнов ауылына нәпақа табу үшін барған кезде қамаған. Сол жақта әкімшілік сот өтіп, 5 күнге қамалған. Оған "сот үкімін орындамады" деген айып таққан. Былтыр сот белсендінің бостандығын шектеп, қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға тыйым салған. Белсендінің жаза мерзімі аяқталған.

Әкімшілік істе Нұрмағанов мүше болған "заңсыз сайлау" талқыланған ортақ чаттан да үзінді келтірілген.

—Қазақстаннан кетіп, саяси баспана сұрағың-ақ келеді. Басқа амал жоқ. Олар маған жұмыс істеуге, нәпақа табуға мүмкіндік бермейді. Қамаудың кесірінен маған жұмыс орнын ауыстыруға тура келді. Үнемі аңдиды, маза бермейді. Бұл естен адасушылық, - деді белсенді Азаттыққа.

Тіркелмеген "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын құру жөніндегі бастама топ мүшесі Асқар Нұрмағанов аталған топтың 20 қарашаға белгілеген митингісі қарсаңында өзін әдейі ұстады деп санайды. Шетелде тұратын экс-банкир Мұхтар Әблязов жақтастарын 20 қарашада митингіге шығуға үндеген еді.

Былтыр ақпанда Қарағанды соты "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деп айыпталған Нұрмағановтың бостандығын бір жарым жылға шектеген. Оған үш жыл саяси-қоғамдық қызметпен айналысуға тыйым салған.

Былтыр сәуірде белсенді үкімге шағым түсіргенмен үкім өзгеріссіз қалды.

Биыл қыркүйекте Нұрмағанов "екі полиция қызметкерінің үйіне баса-көктеп кіргенін", басқа жаққа қашуға мәжбүр болғанын айтқан. Белсенді сол күні Астанадан келген. Ол жақта өзге белсенділермен кездескен. Ол Қарағанды облысының полиция департаменті, жемқорлықпен күрес қызметі мен облыс прокуратурасына шағымданған. Белсендінің айтуынша, оқиға орнына жедел-тергеу тобы келіп, Нұрмағановтың саусақ іздерін алған. Белсенді шағымынан сол күйі нәтиже болмағанын айтады.

XS
SM
MD
LG