Ресейлік пропагандист Владимир Соловьев "Россия 1" арнасындағы бағдарламасында айтылған даулы мәлімдемелерге түсініктеме берді. Бұған дейін әлеуметтік желіде "Вечер с Соловьевым" бағдарламасынан үзінді жарияланып, онда ресейлік "сарапшылар" "Украинадан кейінгі мәселе - Қазақстан", "ол жақта да Украинадағыдай нацистік процестер өрістеуі мүмкін" деп мәлімдеген еді. Бұл Қазақстан қоғамында қызу талқыланды.
Владимир Соловьев 24 қараша күнгі аталған бағдарлама эфирінде "біз барлық көршімізге және стратегиялық әріптестерімізге құрметпен қараймыз" деп "егер біреуге алаңдатындай жайттар көрінген болса, өкінішке қарай қызу талқылаулар кезінде кейде бәрі болады" деді.
"Біз барлық көршімізге және стратегиялық әріптестерімізге құрметпен қараймыз және олардан да соны күтеміз. Мұндай байланысты нығайту керек" деді Соловьев.
"Егер біреуге алаңдатындай жайттар көрінген болса, ... қызу талқылаулар кезінде өкінішке қарай, бәрі болады. Бірақ Қазақстанды жақсы көреміз, қазақ басшылығын сыйлаймыз және Ресей-Қазақ достығының маңыздылығын жақсы түсінеміз" деді Соловьев.
Бұған дейін Қазақстан сенатының депутаты Мұхтар Құл-Мұхаммед Владимир Соловьевтің бағдарламасын сынап, бұл Қазақстанға тіке бағытталған "қоқан-лоқы" деген еді. Сенат депутаты Соловьевтің бұрын Алматыға соққы жасауға үндегенін де еске салды.
Оның алдында Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко журналистерге берген сұхбатында "ешқашан нацистік процеске кезікпегенін, себебі ондай нәрсе елде мүлде жоғын" мәлімдеген. Ол "бұл Ресей билігінің ресми ұстанымы емес" екенін айтып, дегенмен мемлекеттік арнада айтылғаннан кейін оған Ресей билігі реакция білдіргені жөн деген.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков сәрсенбі күні Соловьев бағдарламасында айтылған жайттар Кремльдің позициясы емес екенін айтқан.
БҰҰ-ға мүше елдердің басым бөлігі Ресейдің Украинаға басып кіруін айыптап, Мәскеуден әскерін Украинадан алып кетуді талап еткен. Биыл ақпанда Ресей Украинаға басып кірген кезде Кремль "денацификация" туралы да айтқан еді. Ресей билігі Украинаны "неонацистер тобы" басқарады деп мәлімдеген. Ал халықаралық қауымдастық билікке сайлау арқылы келген украин президенті мен үкіметінің легитимдигін мойындайды.
Қазақстан Ресейдің Украинаға басып кіргенін ашық айыптамаған я қолдамаған. Бірақ билік Ресейдің басқыншылығын айыптайтын бейбіт митингіге рұқсат берген еді. Бұған қоса Қазақстанда азаматтар Украинаға бірнеше рет гуманитарлық көмек жіберген. Ал Тоқаев Санкт-Петербургтегі экономикалық форумда Ресей президенті Путиннің көзінше Қазақстан Украинаның шығысындағы "ДХР" және "ЛХР" жікшіл аймақтарының "тәуелсіздігін мойындамайтынын" ашық айтқан еді.
ПІКІРЛЕР