Accessibility links

Ақтөбе соты қарақалпақ белсендісін қамауда қалдырды


Тілеубике Юлдашева.
Тілеубике Юлдашева.

Ақтөбе облысы сотының аппеляция алқасы қарақалпақ белсендісі Тілеубике Юлдашеваны 40 күнге қамау туралы алдыңғы инстанция қаулысын өзгеріссіз қалдырды. Аппеляция алқасының қаулысы жұма күні, яғни 25 қарашада кешке шыққан. Бұл туралы Азаттыққа Адам құқықтары мен заңдылықтарды сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы хабарлады.

Құқық қорғаушы Ирина Гольцварттың сөзінше, Адам құқықтары мен заңдылықтарды сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы Тілеубике Юлдашеваны 40 күнге қамау туралы Мәртөк аудандық сотының 16 қарашадағы қаулысына наразы болып, Ақтөбе облыстық сотының апелляция алқасына шағым түсірген.

- Шағымымыз қанағаттандырылмады. Тілеубике Юлдашева желтоқсанның соңына дейін Ақтөбедегі тергеу изоляторында болады. Осы аралықта біз оған Қазақстаннан пана іздеуші тұлға куәлігін алуға көмектесеміз. Куәлікті алғаннан кейін Юлдашева пана іздеуші тұлға статусына өтініш береді, - деп хабарлады Азаттыққа Адам құқықтары мен заңдылықтарды сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы Ақтөбе филиалының жетекшісі Ирина Гольцварт.

Мәртөк ауданы сотының 16 қараша күнгі қаулысы өзгеріссіз қалғанын Ақтөбе облысы соты да растады.

«Өз елінде қылмыс жасады деген күдікпен Тілеубике Юлдашеваға халықаралық іздеу жарияланған. Осы себепті алдыңғы инстанцияның қаулысы күшінде қалды» деп хабарлайды облыс соты.

Қарақалпақ белсендісі Тілеубике Юлдашева 13 қарашада Қазақстанның Ақтөбе облысы мен Ресейдің Орынбор облысы шекарасындағы «Жайсаң» бекетінде ұсталған. Қазақстан шекарашылары Юлдашеваны "сізге халықаралық іздеу жарияланған" деп Ресейге өткізбей қойған. Кейін сот оны 40 күнге қамау туралы шешім шығарды.

Бұған дейін елде қарақалпақтың төрт белсендісі Қошқарбай Төремұратов, Жангелді Жақсымбетов, Раиса Құдайбергенова мен Зиуар Мирманбетова ұсталған болатын. "Бұл азаматтардың басым көпшілігінен өзбек билігі шілде айының басындағы Қарақалпақстан оқиғасынан кейін "конституциялық құрылысқа нұқсан келтірмек болды" деп күдіктеніп отыр" деген еді Азаттыққа өткен аптада Адам құқықтары мен заңдылықтарды сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросының өкілі Гүлмира Қуатбекова.

Халықаралық бюро өкілінің хабарлауынша, Тілеубике Юлдашева 2020 жылғы қаңтар айынан бері Қазақстанда тұрып жатқан. Өз елінде саяси себеппен қудалануы мүмкін болғандықтан Қазақстаннан пана сұраған. Бюро қарақалпақ белсендісіне жан-жақты құқықтық қолдау көрсетілетінін хабарлады.

Ақпаратқа қарағанда, құқық қорғаушы Тілеубике Юлдашева Қарақалпақстанда 2013-2014 жылдары қоғам белсендісі ретінде көзге түсе бастаған. "Өзбек билігінің қысымына қарамаcтан" Қарақалпақстан Республикасының тәуелсіздігін талап еткен акцияларды белсенді түрде қолдаған. Өзбек билігінен қысым көрген қарақалпақ белсенділерінің құқын қорғаған.

Осыған дейін Қазақстанда қарақалпақ белсенділерінің ұсталуына алаңдаған халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы Қазақстанды қарақалпақ белсенділерін Өзбекстанға бермеуге үндеген. Ұйым Қазақстан билігіне халықаралық қауымдастық алдында алған міндеттемелерін еске салып, халықаралық құқыққа сәйкес кез келген адамды елінде қауіп күтіп тұрса, күшпен қайтаруға болмайтынын атап өтеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG