Accessibility links

Bloomberg: Кремль баға шегін белгілеген елдерге мұнай сатуға тыйым салады


Ресей президенті әкімшілігі баға шегін белгілеген елдерге мұнай сатуға тыйым салады. Бұл жөнінде дереккөзге сүйенген Bloomberg агенттігі хабарлады.

Тыйым баға шектеу механизмін қолдаған компаниялар мен елдерді қамтиды. Басылым дереккөзі дегенмен компаниялар мен елдердің аталған механизмге қатысы қалай анықталатынын нақтыламаған. "Ресей мұнайы немесе мұнай өндімдеріне қатысты келісім-шарттарда баға шегі жөнінде жазуға тыйым салынады" деп айтылады.

Кремль ақпаратқа түсініктеме бермеді.

Ресей мұнайына баға шегін белгілеу туралы идеяны бірнеше ай бұрын АҚШ қаржы министрі Жаннет Йеллен ұсынған. АҚШ, Еуроодақ және нарықтың өзге қатысушылары Ресейдің мұнайдан түскен кірісін қысқартуға күш салады, себебі бұл қаражат Ресейдің Украинаға басып кіруіне мүмкіндік беріп отыр деп айтылады. Олар сонымен бірге әлемдік мұнай нарығында шикізаттың күрт өсуіне жол бергісі келмейді.

24 қарашада Bloomberg және Politico Еуроодақ елдерінің басым бөлігі Ресей мұнайына баға шегін белгілеуді қолдайды, алайда жоғарғы шек бойынша келісімге келе алмай отыр деп жазған.

  • 5 желтоқсанда ЕО-ның Ресейге қарсы сегізінші санкция пакеті күшіне енеді, онда танкерлермен тасылатын Ресей мұнайына баға шегін белгілеу туралы пункт те бар.
  • Еуроодақ елдері импоратталатын Ресей мұнайына баға шегін белгілеу бойынша келісімге келе алмаса, 5 желтоқсаннан бастап Ресей мұнайын тасымалдауды қаржыландыру мен сақтандыруға тыйым салынады. Ақ үй бұл халықаралық нарықта мұнай бағасының күрт өсуіне әсер етеді деп қауіптенеді.
  • Ресей мұнайға баға шегін белгілеген елдерге мұнай мен мұнай өнімдерін жеткізуден бас тартатынын бұрын да мәлімдеген.
XS
SM
MD
LG