Accessibility links

Қытайда локдаунға жаппай наразылық болып жатыр. Қытай компартиясына қарсы ұран көтерілген


Қытайдың Шанхай қаласындағы наразылық
Қытайдың Шанхай қаласындағы наразылық

Қытай қалаларында үкіметтің коронавирус инфекциясымен күрес саясатына жаппай қарсылық болып жатыр. Наразылық кезінде Қытайды басқарып отырған коммунистік партияға қарсы ұрандар айтылған.

Қарсылық Қытай астанасы Пекин мен Шанхай, Гуаньчжоу секілді ірі қалаларына да жеткен. Қарсылық Шыңжаң ұйғыр автономиялы ауданы орталығы Үрімжі қаласында өрттен 10 адам өлген соң басталған. Олар өртенген пәтерден локдаунға байланысты шыға алмай қалған.

Төрт миллионнан астам халқы бар Үрімжінің локдаунда тұрғанына үш айдан асқан. Өте қатаң шектеуге байланысты халқы 100 күннен бері үйінен шыға алмай отыр. 24 қарашада көп қабатты үйлердің бірінен өрт шыққан. Локдаунға байланысты есік сырттан жабылғандықтан тұрғындар далаға шыға алмаған. Қала билігі мұны теріске шығарған.

Шанхай мен Пекин тұрғындары екі күн кешке қатарынан қарсылыққа шыққан. Алғаш рет коронавирус инфекциясы пайда болған Ухан қаласында да халық қарсылық білдірген. Бастапқыда локдаунды жоюды талап еткен шерушілер біртіндеп Қытай коммунистік партиясын сынап, оның басшысы Си Цзиньпиннің қызметтен кетуін талап ете бастаған. Шерушілердің көбі демократиялық реформа жүргізуді талап еткен. Кейбірі цензураға қарсылық белгісі ретінде ақ парақ ұстап шыққан. Шерушілер Қытай әнұранын шырқаған.

Батыс БАҚ-тары мұндай қарсылық Қытайда сирек кездесетін құбылыс деп жазып жатыр. Қытай билігі әзірге ресми түсініктеме жариялаған жоқ.

Коронавирус індеті басталғалы Қытай барынша қатаң шара қолданып келеді. Әлемнің көптеген елі эпидемиологиялық ережені жеңілдетіп жатқанда, Қытай коронавируспен ауырған адам пайда болған жерді дереу оқшаулап, тұтас аудандарды жауып тастау саясатын жалғастырып отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG