Accessibility links

Қырғызстанда халық құрылтайының алғашқы жиыны қалай өтті?


Қырғызстандағы халық құрылтайының жиыны. Бішкек, 26 қараша 2022 жыл.
Қырғызстандағы халық құрылтайының жиыны. Бішкек, 26 қараша 2022 жыл.

25-26 қарашада Бішкекте бірінші халық құрылтайы өтті. Құрылтайдың екінші күні «Кемпірабад ісі» бойынша ұсталған саясаткерлер мен белсенділерді босату мәселесі көтерілді. Кей делегаттар биліктің жемқорлықпен күрес әдістерін сынады.

ТҰТҚЫНДАР МӘСЕЛЕСІ

Құрылтайдың екінші күні президент Садыр Жапаров делегаттар алдында жасаған мәлімдемесінде "билік кей аудандарға мектеп, балабақша, мәдениет үйі мен басқа да әлеуметтік нысандар керегін біледі" деп, азаматтарды салмақты мәселелер жөнінде сөйлесуге шақырды.

– Мектептер мен балабақшаларды үнемі басты назарда ұстаймыз. Қай ауыл мектептерін жөндеуден өткізу керегін білеміз. Билікке келгенімде 247 ауыл мектебі апатты жағдайда тұрған. Бұл мектептер 1960-1970-жылдары салынған. Енді 200 мектеп қалды. Сіздер кеше айтқан, бүгін көтерілетін мәселелер осы 200 ауылға қатысты. Құдай қаласа, келер жылдың бюджетіне қосамыз. Мүмкіндігіміз болса, 200 мектепті бір жылда тұрғызар едік. Өкінішке қарай, бюджеттің шамасы келмейді. Бірақ алдағы екі-үш жылда мектеп мәселесін шешеміз, – деді Садыр Жапаров.

25 қараша – құрылтайдың бірінші күні делегаттар өз ауылдарындағы су, жер, мектеп, балабақша мәселесін көтеріп, президенттен көмек сұраған.

Әлеуметтік желілерде қолданушылар құрылтайда сөз бостандығы мен саяси қудалау тақырыбы қозғалмағанын айтып, сынады.

26 қарашада Нарын облысынан келген делегат Батырбек Исмаилов президенттен "Кемпірабад ісі" бойынша ұсталған белсенділер мен саясаткерлерді үйқамаққа ауыстыруды сұрады. Ол жемқорлықпен күрес әділетсіз жүріп жатқанын айтты.

– Аталған белсенділердің көбі сізді түрмеден шығаруға атсалысты. Енді заңды құрметтемей, өздерін түрмеге жауып тастады. Қазір жаныңызда күлімдеп қорғаушыларыңыз отыр, бірақ олар осыған дейінгі үш президентті қайда жібергенін білесіз ғой? Сізді де осы шыңырауға әкелді. Белсенділерді үйқамаққа ауыстыруды сұраймын, олар түрмеде денсаулығынан айырылып жатыр. Бұл жақсылыққа апармайды. Сізді мақтаған адамдардың емес, халықтың пікіріне құлақ асыңыз. "Кустуризация" (саясаткерлер мен кәсіпкерлерді жемқорлық бабымен ұстап, жымқырылған қаржыны мемлекетке қайтару) бойынша, жемқорлар 10 млн жымқырып, 5 миллионын қайтарып, бостандыққа шығып жатыр, – деді Исмаилов.

Қазанда "Кемпірабад" су қоймасының жерін Өзбекстанға беруге қарсылық білдірген 30-ға жуық оппозициялық саясаткер мен белсенді "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болды" деген күдікпен ұсталған. Олар мұны "саяси қудалау" деп санайды.

Саяси тұтқындарды қорғау комитетінің төрағасы Сапар Арғымбаев құрылтайда саяси тапсырыс орындаумен айналысатын тергеуші, прокурор мен соттарды жауапқа тарту керегін айтты. Ол оппозицияда жүргенде Садыр Жапаровтың өзі қылмыстық қудалауға ұшырағанын мысалға келтірді. Арғымбаев Камшыбек Тәшиевтің Жоғарғы кеңестегі (Қырғыз парламенті) әрекетін сынады.

– Жаныңызда жүрген жағымпаздарға "Тоқтаңдар!" дегім келеді. Осы жағымпаздықтарыңмен қанша президентті шыңырауға итердіңдер. Бұл туралы айту ыңғайсыз шығар, бірақ үндемеуге болмайды. Жастардан және анасы бар адамдардан сұрағым келеді. Жоғарғы кеңес мінберінде тұрып, президент Садыр Жапаровтың көзінше балағат сөз айтқан адамды қалай бағалауға болады? – деді Арғымбаев.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров.
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров.

Арғымбаевтың алдында сөйлеушілерге үш минуттан артық уақыт берілмейді деген шешім қабылданған. Сондықтан саяси тұтқындарды қорғау комитетінің төрағасы сөзін аяқтай алмады.

17 қарашада Жоғарғы кеңес Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы "Кемпірабад" су қоймасының ресурстарын бірлесіп басқару туралы келісімді қараған. Осы жиында мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің төрағасы Камшыбек Тәшиев пен депутат Өмірбек Бәкіров дауласып қалған. Тәшиев микрофонды өшіріп, қарсыласына балағат сөздер айтқан.

ЖАПАРОВ ПЕН ТӘШИЕВ ТАНДЕМІ

Ош облысы Алай ауданынан келген делегат Алмаз Жорабаев Садыр Жапаров пен Қамшыбек Тәшиевтің тандемі туралы сөйледі.

– Ел арасында, "сіз – бірінші, Тәшиев – екінші" деген пікір қалыптасқан. Сенбесеңіз, өзіңіз сұрап көріңіз. Жұрт "біріншінің адамдары, екіншінің адамдары" деп сөйлейді. Халыққа қызмет етіп, Қырғызстанды дамытқыңыз келсе, осы мәселеге назар аударыңыз. Халық сізді жақсы көретін. Оның ішінде өзім де бармын. Бірақ қазір сізге көзқарасымыз өзгерді. Барды бар деп айту керек, – деді Жорабаев.

Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы Қамшыбек Тәшиев парламент төрінде сөйлеп тұр.
Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы Қамшыбек Тәшиев парламент төрінде сөйлеп тұр.

25-26 қарашада өткен құрылтайға Қырғызстанның түкпір-түкпірінен делегаттар жиналды. Жиынға Жоғарғы кеңес спикері Нұрланбек Шәкиев, министрлер кабинетінің төрағасы Ақылбек Жапаров, үкімет мүшелері, құқық қорғау органдары мен өңір басшылары қатысты. Құрылтай соңында президент Садыр Жапаров кей сұрақтарға жауап беріп, белсенділердің ұсталуы туралы пікірді де елеусіз қалдырмады.

– Түрмеде жатқанымда, белсенділер көп қолдау көрсеткенін айттыңыз. Иә, көбі қолдады. Шетелден қаржы алғандар да болды. Оларды жиналысқа қолдарынан жетелеп апарған жоқпын ғой. Белсенділердің шетелден қаржы алып, халықты жинау үшін ақша таратқанын көрдіңіз ғой. "Өзбекстанмен шекара мәселесін шешуге қарсылық білдіру керек" деді. Олар Кемпірабад мәселесіне алаңдаған жоқ, өз мүддесі үшін әрекет етті. Қырғызстан мен Өзбекстан арасында соғыс басталғанын қалайтын күштер, шетелде отырып, бүлік бастағысы келгендер болды. Бәрін сот шешеді. Сот тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болған адамдарды түрмеге жібермегенде, басқа не істеуі керек? – деді президент.

ҚҰРЫЛТАЙ РЕЗОЛЮЦИЯСЫ

Ұлттық филармонияда өткен алғашқы халық құрылтайына 1072 делегат қатысты. Құрылтай соңында Қырғызстан халқына үндеу жасалды. Онда басты міндет – тәуелсіздік пен мемлекеттілікті сақтау деп көрсетілді. Жоғарғы кеңес пен министрлер кабинетіне ұсыныстар жазылған резолюция қабылданды. Резолюцияда қамтылған ұсыныстардың бір бөлігі –мынадай:

  • Жоғарғы кеңеске ұсыныс: 2023 жылдың мамырына дейін "Халық құрылтайы туралы" конституциялық заң қабылдау.
  • Министрлер кабинетіне ұсыныс: Қырғыз Республикасы толық тәуелсіздікке қол жеткізу үшін саяси-экономикалық дамуға ғана емес, территориялық тұтастық пен егемендікке де көңіл бөлуі тиіс. Осы мақсатта көрші мемлекеттермен даулы территориялар бойынша келісімге келіп, делимитация және демаркация жұмыстарын жүргізу керек; делегаттар ұсынған апатты мектептер, ауруханалар, балабақшалар мен мәдениет үйлерін толық жөндеуден өткізу және құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін республикалық бюджет жоспарына қосу қажет.

2020 жылы жаңа Конституция дайындалып жатқанда құрылтай идеясын қолдаушылар жыл сайын съезде президент есеп берсін, мемлекет басшысының жұмысы делегаттар көңілінен шықпаса, оны отставкаға жіберсін деген ұсыныс айтқан. Бірақ кейінірек құрылтайда қабылданған шешімдер тек ұсыныс беру күшіне ғана ие деген шешім қабылданды.

Бірінші құрылтайда президент Садыр Жапаровтың баяндамасы мақұлданды. Жоғарғы кеңес спикері Нұрланбек Шәкиев пен министрлер кабинетінің төрағасы Ақылбек Жапаровтың ақпараты назарға алынды.

"Бұл мінберден бүкіл ойымызды ашып айттық. Диалог жүргіздік. Билік пен халық бір залға жиналды", – деді құрылтай төрағасы Қадыр Қошалиев.

Халық құрылтайы туралы норма 2021 жылы 5 мамырда күшіне енген Конституция жобасына енген. 1 қыркүйекке дейін "Халық құрылтайы туралы" конституциялық заң қабылдануы керек еді.

Бірақ мамырда Жоғарғы Кеңестің конституциялық заңнама, мемлекеттік құрылым, сот-құқықтық мәселелер және регламент жөніндегі комитеті заң жобасын қабылдамай, кері қайтарды.

Тамызда президент Садыр Жапаров "Халық құрылтайын шақыру" туралы жарлыққа қол қойды. Президент бірінші құрылтай нәтижесі бойынша жасаған мәлімдемесінде парламентті бұл заңды қабылдауға шақырды.

Азаттық радиосы Қырғыз қызметінің журналисі Бақыт Төрегелдіұлы жазған мақаланың түпнұсқасын мына жерден таба аласыз.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG