Accessibility links

Қазақстан сауда министрі: Ресей астығына транзит тарифін төмендетуді көздемейміз


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Қазақстан Ресей сұрағандай астық тасымалының тарифін төмендетуді жоспарлап отырған жоқ. Мұны сейсенбі күні үкімет отырысынан кейін журналистер сұрағына жауап берген сауда және интеграция министрі әрі премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин айтты.

"Ешкім де тарифті төмендетейін деп отырған жоқ, әзірге тауар тасымалы, көлемі туралы ешқандай нақты ұсыныстар жоқ. Кеше көптеген жайтты қамтитын мәселелерді талқыладық: бізде астық тасымалдайтын состав жеткіліксіз, инфрақұрылымда да осал тұстар бар. Бақты - Аягөз жолы мен өткелін салуды жоспарлап отырмыз. Біз Ресейге де оған қатысуды ұсындық, өйткені бәрінен бұрын Ресейге тиімді", - деген Жұманғариннің сөзін жергілікті Власть басылымы жариялады.

Жұманғариннің айтуынша, Қазақстан мен Ресейдің аймақаралық ынтымақтастығы туралы таяуда өткен форумында да тарифке байланысты сөз қозғалмаған.

"Біз бұл жөнінде бетпе-бет сөйлестік. Бұл мәселеге ең әуелі прагматикалық тұрғыдан қарайтынымызды айттым. Елдің ұзақ мерзімді мүддесін ойлау керек", - деді вице-премьер.

Бұған дейін Ресей басылымдары "Ресей темір жолы Қазақстанға агроөнеркәсіп өнімдері тасымалының тарифін төмендетуді ұсынды" деп жазған болатын. Мұндай мақалаларда "Ресейдің Орталық Азия елдеріне тауарды кең ауқымда жеткізу жолдары бұғатталған"деп көрсетілген.

Еуразия экономика одағының нормалары бойынша ұйымға мүше елдер арқылы өтетін транзит тасымалдар ТМД елдерінің тарифі бойынша жүзеге асырылады.

Ресей астық одағының вице-президенті Александр Корбут санкцияға байланысты астық экспорттаудың қиындағанын, астықты Қазақстан арқылы шығарудың тиімсіз екенін, өйткені "көрші ел Ресей астығын қайта сатумен шұғылдана бастайтынын" айтқан.

Оған "Қазақстан темір жолы" (ҚТЖ) ұлттық компаниясы Ресей астығына транзит тарифін көтермедік, тариф кейінгі төрт жылда өзгерген жоқ" деп жауап берген.

ҚТЖ мәліметіне қарағанда, Қазақстан арқылы өтетін Ресей астығы жыл басынан бері былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 24 пайыз көбейген. 10 қыркүйекте Қазақстан астық пен ұн экспортына шектеуді алып тастаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG