Accessibility links

Иран футбол федерациясы АҚШ құрамасын әлем чемпионатынан шеттетуді талап етті


Иран футбол федерациясы Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) этика комитетіне АҚШ құрамасының үстінен шағым түсірді. Иран америкалықтарды Иран туына құрмет көрсетпеді деп АҚШ құрамасын Катарда өтіп жатқан әлем чемпионатынан шеттетуді талап етті. Бұл жөнінде The Guardian жазды.

АҚШ футбол федерациясы бұған дейін Иранда наразылыққа шыққандар мен әйелдер құқығын қолдау белгісі ретінде әлеуметтік желіде Иран туының суретін жариялаудан бас тартқан. Оның орнына Иран туымен түстес, бірақ эмблемасы жоқ ту ілген.

Иран билігі АҚШ-ты Алланың аты жазылған символды алып тастады деп кінәлаған.

ФИФА Иран шағымы жөнінде түсініктеме берген жоқ. The Guardian сөйлескен мамандар АҚШ құрамасының ойыннан шеттетілуі екіталай деп санайды.

АҚШ пен Иран құрамасы 29 қарашада кездеседі.

Катардағы әлем чемпионатындағы мемлекеттік рәмізге байланысты Иран шағымы жалғыз инцидент емес. Сербия құрамасы да ішінара мойындалған Косово республикасы қосылған Сербия картасын тауып алған. Картаға "Берілмеу керек" деп жазылған.

Косово футбол федерациясы осыған байланысты ФИФА-ға шағым түсірген. Әзірге ФИФА оған реакция білдірген жоқ. Сербия құрамасына айыппұл салынуы мүмкін.

Бұған дейін Иран құрамасы футболшылары Катардағы матч алдында өз елінің әнұранын шырқаудан бас тартқан. Оны қыркүйектен бері жаппай наразылыққа шығып жатқан Иран халқын қолдау деп түсіндірген.

28 қарашада Португалия мен Уругвай матчы кезінде алаңға шығып кеткен адам да Иран әйелдерін құрметтеуге, Украинаны қорғауға шақыратын футболка киген еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG