Accessibility links

Белорус оппозициясы жетекшілерінің бірі Мария Колесникова ауруханаға түсті


Мария Колесникова
Мария Колесникова

Беларусь басшысы Александр Лукашенкоға қарсы 2020 жылғы наразылық жетекшілерінің бірі, оппозиция өкілі Мария Колесникова ауруханаға түсті. Гомельде түрмеде отырған белсенді жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізіліп, реанимацияға түскен. Бұл жөнінде сейсенбі күні Беларусьтегі президент сайлауында кандидат болған Виктор Бабарико штабы Телеграм-арнасында хабарлады.

Штаб хабарламасында сайлау алдында штабты Колесникова басқарғаны жазылған. Оппозиционер 28 қарашада ауруханаға жеткізілген. Сол күні оған ота жасалған, жағдайы тұрақты ауыр деп айтылады.

Түрме әкімшілігі ақпаратқа түсініктеме бермеді. Белсендіден анықталған хирургиялық патология медициналық бақылаудың нашарлығына байланысты туындауы мүмкін. Ауруханаға түспей тұрып белсенді айыппұл изоляторына жіберілген, не үшін, қашан, қай уақытқа дейін жіберілгені белгісіз.

Былтыр қыркүйекте Колесникова "Беларусь президенті сайлауының ресми нәтижесіне қарсы наразылық ұйымдастырғаны үшін" 11 жылға сотталған. Сот оны билікті басып алу мақсатында астыртын сөз байласты, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін ұрандар көтерді, экстремистік топ құрды деп таныды. Құқық қорғау ұйымдары Колесникованы "саяси тұтқын" деп таныды, әлемдегі жетекші саясаткерлер оны босатуды талап еткен.

  • Авторитар басшы Александр Лукашенко 2020 жылы тамызда өткен президент сайлауында жеңімпаз танылғаннан кейін (Беларусь тарихында алтыншы рет жеңімпаз танылды) елде оның билігіне қарсы наразылық тұтанған.
  • Сайлау кезінде кандидат болған Виктор Бабарико штабының жетекшісі, оппозиционер Мария Колесникова кейін түрмеге жіберілді. Ал өзге кандидат Светлана Тихановская елден кетуге мәжбүр болған. Колесникова оның командасында да жұмыс істеді.
  • Колесникованың адвокаты Владимир Пыльченко түрмеге кіргізбеу туралы шешімге қарсылық білдіру өтінішінде белсендінің денсаулығына алаңдап отырғанын жазған. Құқық қорғау органдары Колесниковаға байланысты шағымдарға реакцияя білдірмеді.
XS
SM
MD
LG