Ашғабат полициясы өзге өңірлердің тұрғындарын Бейтараптық күні қарсаңында астанадан шығарып, олардан мереке күндері қалаға келмеу туралы қолхат алып жатыр. Бұл туралы Азаттықтың Түркімен қызметі - Азатлық радиосы хабарлады.
Астана полициясының қызметкерлері ұстаған әрбір ішкі мигрант үшін 100 манат (28 доллар) көлемінде сыйақы алады, дейді редакцияның полициядағы дереккөзі. Полиция қалада тұруға уақытша рұқсаты барларды да ұстаған. Мәліметке қарағанда, мұндай шешім ұлттық мереке қарсаңында қала қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданған.
12 желтоқсан Түркіменстанда бейтараптық күні деп белгіленген. Биыл БҰҰ-ның Орталық Азиядағы авторитар елді нейтрал мемлекет деп танығанына 27 жыл толды. Үкімет пен мемлекеттік БАҚ бейтарап саясатты елдің сыртқы саясатының ең үлкен жетістігі ретінде насихаттап отыр.
2020 жылы сол кездегі президент Гүрбанғұлы Бердімұхамедовтің "Түркіменстан - бейтараптық Отаны" деп аталатын кітабы жарық көрген. Орталық банк мерекеге орай естелік монета мен ақша басып шығарған.
ПІКІРЛЕР