Accessibility links

Оралда балалар үйінің түлектері тағы наразылыққа шықты


Оралда балалар үйінің түлектері әкімдік алдында наразылық өткізіп тұр.
Оралда балалар үйінің түлектері әкімдік алдында наразылық өткізіп тұр.

Оралда "Шаңырақ" жасөспірімдер үйінде тұрып жатқан балалар үйінің түлектері 30 қарашада облыс әкімдігі алдына жиналып, өздерін баспанамен қамтамасыз етуді талап етті.

Жиналғандардың қолында "Уәде еткен пәтерлеріміз қайда" (Хватит обещаний, где наши квартиры), "Жетімдерге пәтер беріңіздер!" (Дайте сиротам квартиры) деген жазуы бар плакаттар болды. Акцияға жергілікті биліктің "Шаңырақ" жасөспірімдер үйінде жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы шешімі түрткі болған. Жөндеуден кейін балалар үйінің түлектері онда тұра алмайды. Оларды сонымен бірге коммуналдық қызмет ақысын төлеуге міндеттеген.

— [Жасөспірімдер үйінің] директоры әрқайсымызбен жеке-жеке сөйлесіп, ендігәрі әр бөлмеден коммуналдық қызмет ақысын алатынын хабарлады. Біз мұнымен келіспейміз – онда жағдай жоқ! Біз не үшін төлеуге тиіспіз: бөлмеде су жоқ, жуыну бөлмесі, дәретхана ортақ, бөлмелерде жарық та жоқ, – деді "Шаңырақ" тұрғындарының бірі Әсел Антаева.

Заң бойынша Жасөспірімдер үйінде балалар үйінің түлектері 23 жасқа дейін тұра алады. Одан соң жеке пәтерге көшуі тиіс немесе пәтер жалдауы керек. Қазір "Шаңырақта" шамамен жүз адам тұрады, барлығы 23 жастан асқан.

—Бізге "Шаңырақты" жөндеуге жабатынын айтты, әзірге баспана берген жоқ. Бірақ жөндеуден кейін де біз өз бөлмелерімізге орала алмаймыз, себебі жасымыз асып кеткен. Ол жаққа оралуға асық та емеспіз, бірақ ешқайсымыз мемлекеттен пәтер алған жоқпыз, – деді "Шаңырақ" тұрғыны Алеся Арыстанғалиева

Билік өкілдерімен алдыңғы кездесулердің бірінде Жасөспірімдер үйі тұрғындарына мемлекеттен жалға берілетін үйлерді күтпеу қажеттігін алға тартқан, себебі аймақта жеңілдікпен берілетін пәтерлер құрылысы жүріп жатқан жоқ. Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев "Шаңырақ" тұрғындарына жеңілдікпен ипотека алуды ұсынған.

—Біздің ешқайсымыз ипотека ала алған жоқ. Талаптарға сәйкес емеспіз. Бір түлек қана өте алды, бірақ оған да "гарант жоқ" деп баспана берген жоқ. Ол гарантты қайдан табады, себебі ол жетім! – деді Әсел Антаева.

Жиналғандардың алдына шыққан Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов оларды қабылдау бөлмесіне шақырды. Ол аймақта кезекте тұрған азаматтар үшін салынатын баспана құрылысы тоқтатылғанын айтты. Ол ипотека алу үшін банкке жүгінуді ұсынды.

—Қазір БҚО әкімдігі "Отбасы банк" басқармасымен пайыздық мөлшерлемені 2 пайызға дейін азайту бойынша келіссөз жүргізіп жатыр. Бұл дегеніңіз айына бір бөлмелі пәтер үшін 97 мың теңге емес, 65 мың теңге төлеу қажет дегенді білдіреді. Біз қолымыздан келген нәрсенің бәрін жасап жатырмыз, - деді Нарымбетов.

Балалар үйінің түлектеріне сонымен бірге шалғайдағы ауылдарға, саяжайларға қоныс аударып, баспана жалдау ұсынылған. "Шаңырақты" жөндеу кезінде балалар үйінің түлектері қайда тұруы тиіс деген сұраққа әкімнің орынбасары жауап бере алмады.

—Жоба-сметалық құжаттар әлі дайын емес, ол ақпанда дайын болады деп отырмыз. Осыдан соң жөндеу жұмыстарының құны жөнінде айта аламыз. Әзірге оларды қайда орналастыру жағын ойластырып жатырмыз. Әзірге белгісіз, – деді Бақытжан Нарымбетов.

2021 жылы қазанда "Шаңырақ" тұрғындары билікке қайырылып, 40 жыл бойы жөндеу көрмеген ескі жатақханадан басқа жаққа көшіруді талап еткен. Сол кезде облыс әкімінің орынбасары Мирас Мулкай жетім-балаларға пәтер берілетінін мәлімдеген. Оның сөзінше, жылына 25 адамға дейін пәтер беріледі.

Кейінгі жылдары "Шаңырақ" тұрғындары Жаспөспірімдер үйі алдында бірнеше рет акция өткізген. Олар биліктің құрғақ уәдесінен шаршағандарын, істің жылжымай жатқанын айтқан.

XS
SM
MD
LG