Accessibility links

"Айғақтарды алдау арқылы жинауды тоқтатсын!". Қаңтар бойынша айыпталған 20 адам билікке хат жазды


Алматыдағы тергеу изоляторы. Көрнекі сурет.
Алматыдағы тергеу изоляторы. Көрнекі сурет.

Алматыда тергеу изоляторында отырған Қаңтар оқиғасы бойынша айыпталған 20 адам билікке хат жазды. Онда хат авторлары Қаңтар бойынша тергеу амалдарын жан-жақты әділ жүргізуді талап еткен. Олар "тергеудегі әділетсіздіктер туралы" баяндап, айғақтарды "алдап-арбау арқылы жинамауды" және "айыпталушыларды бір-біріне қарсы жауап беруге итермелеуді" тоқтатуды сұраған. Хаттың мәтінінің түпнұсқалылығын бірнеше адвокат растады.

Үш беттен құралған хат президент Қасым-Жомарт Тоқаев, президент әкімшілігінің жетекшісі, ҰҚК төрағасы, бас прокурор, сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің төрағасы, парламент депутаттарына бағытталған.

Хат авторлары Қаңтар оқиғасы кезінде Республика алаңына жұртты "бүліктен қорғау үшін" шыққанын, алайда марапатталудың орнына тергеу изоляторында азапталып, қазір қысымға ұшырап жатқанын баяндаған. "Тергеудегі әділетсіздіктерге" шағымданған.

"Біз тергеу органдарының болмаған фактілерді іске тартуды тоқтатуын, куәгерлік айғақтарды алдау арқылы жинамауды, моральдық қысымға түскен тергеудегі адамдарға "үйқамаққа шығарамыз" деп уәде етіп, "құпияланған тұлға" ретінде куәлік бергізбеуін сұраймыз. ("Құпияланған тұлға" яғни, сот пен тергеу кезінде көрсетілмейтін адам кез келген нәрсені айтуы мүмкін және олардың "айтқанын" жоққа шығару мүмкін емес, себебі сотта немесе тергеуде оларды көре алмайсың). Бұл заңды өрескел бұзу" деп жазылған хатта.

Олар президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан істерді жеке қадағалауына алып, істердің әділ, жан-жақты қаралуына гарант болуын сұраған.

Адвокат Еркебұлан Қайратұлының айтуынша, хат 1 желтоқсанда электронды үкімет арқылы адресаттарға жіберіледі.

"Негізгі талап – тергеушілерді ауыстыру, тергеуді жан-жақты, әділ жүргізу. Олар тергеудегі әділетсіздіктерге шағым білдіріп отыр. Тергеуді дұрыс жасамаған. Қазір кінәсіз адамдарды бір-біріне қарсы жауап беруге итермелеп, сүйтіп қана айғақтарды танып отыр. Ал былай сараптама бойынша ешқандай айғақ жоқ" деді адвокат Азаттық тілшісіне.

Хаттың соңында 20 адамның қолы бар. Олардың арасында өткен аптада тергеудегі әділетсіздіктерге шағыманып, өзіне қол жұмсаған белсенді Қалас Нұрпейісов те бар. Адвокат Жалғас Сапарханованың айтуынша, қазір Нұрпейісовке түрмеде қажетті дәрежеде медициналық көмек көрсетілмей отыр.

Азаттық тілшісі әзірге тергеу изоляторынан жауап ала алмады. Азаттық тілшісі бас прокуратураның баспасөз хатшысы Дархан Дүйсембайдың ұялы телефонына үш рет хабарласқанмен баспасөз хатшы телефонын көтермеді.

Қарай отырыңыз: "Кінәсіз екенімді дәлелдеуден шаршадым". Үзеңгілестері Қалас Нұрпейісовті босатуды талап етті (30 қараша 2022 жыл).

"Кінәсіз екенімді дәлелдеуден шаршадым". Үзеңгілестері Қалас Нұрпейісовті босатуды талап етті
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:17 0:00

Хат авторларының барлығы-дерлік "жаппай тәртіпсіздік" және өзге де баптар бойынша күдікке ілінген.

  • Биыл 2 қаңтарда Жаңаөзенде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына қарсы халық наразылыққа шыққан. Елдің басқа аймақтарында да Жаңаөзенді қолдаған бейбіт митингілер өткен. Кейін наразылыққа қарулы топтар (кей сарапшылар кландар арасындағы қақтығыс деп атайды) араласып, соңы тәртіпсіздікке ұласты. Тәртіпсіздіктен кемі 238 адам қаза тапты. Алтауы тергеу изоляторындағы азаптаудан кейін көз жұмған.
  • Қаңтар оқиғасына байланысты ресми биліктің айтуынша, мыңнан астам адам ұсталып, оларға "жаппай тәртіпсіздік", "қару-жарақ ұрлау", "терроризм" және өзге де баптар бойынша айыптар тағылған. Бұған дейін айыпталушылардың туыстары "тергеудегі әділетсіздіктерге" шағымданып, оқиғаны әділ, жан-жақты тергеуге үндеген.
  • Қазақстан құқық қорғаушылары мен халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қаңтар оқиғасы бойынша халықаралық тергеу жүргізіп, халықаралық сарапшыларды іске араластыруға шақырған. Ақорда мұндай ұсыныстардан бас тартқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG