Accessibility links

Қырғызстан: Сот Маусым оқиғалары бойынша іске президент пен ҰҚМК төрағасын шақыруды мақұлдады


Бішкектің Бірінші май аудандық соты. 1 желтоқсан 2022 жыл.
Бішкектің Бірінші май аудандық соты. 1 желтоқсан 2022 жыл.

Бішкек сотында 2010 жылғы Маусым оқиғаларына қатысты істі қарау кезінде айыпталушылардың бірі ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеттің (ҰҚМК) бұрынғы төрағасы Кеңешбек Дүйшебаев Қырғызстан президенті Садыр Жапаров пен ҰҚМК қазіргі төрағасы Қамшыбек Ташиев, сонымен бірге әр жылдары парламент спикері болған Талант Мамытов пен Ахматбек Келдібековті айыптады.

Дүйшебаев оларды сотқа куәгер ретінде шақыруды сұрады. Өзге айыпталушы Исмаил Исаков парламенттің бұрынғы депутаты Қадыржан Батыровты да куәгер ретінде шақыруды ұсынды. Егер ол өмірден өткен болса, оның қайтыс болғаны жөнінде куәлік әкелу қажеттігін айтты.

Сот Жапаров, Ташиев, Келдібеков және Мамытовты сотқа шақыру туралы өтінішті мақұлдады. Ал Исаковтың өтінішін орындамады.

Іс бойынша 2010 жылғы уақытша үкіметтің төрт мүшесі: бұрынғы президент Алмазбек Атамбаев, сол кездегі қорғаныс министрі Исмаил Исаков, ҰҚМК төрағасы Кеңешбек Дүйшеналиев, Жалалабад облысының бұрынғы әкімі Бектұр Асановқа "қызмет өкілетін асыра пайдалану" бабы бойынша айып тағылған.

1 желтоқсанда сотқа Алмазбек Атамбаев жеткізілді, бірақ ол процеске қатысудан бас тартты.

Былтыр сәуірде ҰҚМК 2010 жылғы Маусым оқиғалары бойынша қылмыстық іс қайта қарала бастағанын мәлімдеген. Оның алдында президент Садыр Жапаров арнайы қызметке Маусым оқиғаларын қайта тексеруді тапсырған.

2010 жылы Қырғызстан оңтүстігіндегі Ош және Жалалабад қалаларында қырғыздар мен өзбектер қақтығысып қалған. Сол жылы сәуірде халық толқуынан кейін билікке Уақытша үкімет келген.

Маусым оқиғаларын үш комиссия тексерген. 2011 жылы жарияланған халықаралық комиссияның қорытындысында Маусым оқиғалары "әскери қылмыс не геноцид" деп танылмаған. Онда тәртіпсіздікке Сәуір оқиғаларынан кейінгі саяси ахуал түрткі болғаны жазылған. Үкімет және Жогорку кеңеш комиссия қорытындысымен келіспеген.

2010 жылы Маусым оқиғалары кезінде 446 адам қаза болған, екі мыңға жуығы түрлі дәрежеде жарақат алған. Оқиға кезінде 57 адам із-түзсіз жоғалған, 15-і әлі күнге дейін табылған жоқ.

XS
SM
MD
LG